Заңсыз аң аулаушылар қолға түсті

Экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау мақсатында Жергілікті полиция қызметі және Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген рейдтік жұмыстары барысында заңсыз аң аулағандар ұсталды.
Атап айтқанда, 2017 жылғы 11 қыркүйекте таңғы сағат 04.00 шамасында Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылының 7-8 шақырымдай жерде жарықтандырғыш шамын жағып келе жатқан УАЗ маркалы автокөлік тоқтатылып, тексеру барысында автокөліктің ішінен 14 атылған қоян және 1 күзен аңының денесі анықталды. Бұдан бөлек көліктің ішінен 12 калибрлі және 32 калибрлі аңшы мылтығы, мылтық оқтары айғақ зат ретінде алынды.
Оқиға орнында автокөлікте болған Сүттіқұдық ауылының 6 тұрғыны ұсталып, аңшылыққа рұқсат ететін құжаттары болмағандығы анықталды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 1-бөлігімен  Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қазіргі таңда Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімімен  тергеу амалдары жүргізілуде.
Дәл осындай дерек 13 қыркүйек күні де тіркелген. Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына белгісіз бір азамат хабарласып, қарақұйрық аңына ұқсас жануардың денесін белгісіз біреулер тасымалдап жүргендігін хабарлаған. Оқиға орнына арнайы жасақталған топ жіберіліп, тексеру барысында қапқа салынған Қызыл кітапқа енгізілген 1 қарақұйрық аңының денесін анықтайды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан  Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2017 г. 594 0