« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Жаңақорған ауданының өнер майталмандары Қызылорда қаласындағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Жүректен жүрекке жылу сыйлайық» атты қайырымдылық концертін өткізді.
Шараны Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков ашты.
– «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген. Бүгін сіздерге арнап концерт қойып, көңілдеріңізді көтеру үшін келдік. Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін, – деді ол.
Концерттік бағдарламада Бекен Төребаев, Қалберген Арқабаев, Уәли Ибрагимов, Әбсұлтан Байкенжеев, Зүлфия Шалабаева, Кенже Әкімбаева, Талғат Тұрсынбаев, Фархад Бакиров, Абылай Камалов, Жанна Көпеева өнер көрсетіп, «Қарттар үйіндегі» қарияларды бір серпілтіп тастады.
Бірде-бір аппаратуралық құрылғыларды да, микрофонды да пайдаланбай тек жанды дауыста ән салған, домбыра мен сырнай арқылы думанды көңіл-күй сыйлаған әншілерге көпшілік разы болды. Тіпті, қарттар ортаға шығып билеп, шараның көркін қыздыра түсті. Өзі бірінші топ мүгедегі болса да, өнер көрсеткендерді қолдап, қол соғып отырған Серік Пірімбетовті әңгімеге тартқан едік.
– Айналайындар, жерлестерім келді деп қуанып жатырмын. Орнында бар оңалады деген. Баяғыда Бексұлтан Байкенжеевтің әнін тыңдағанда бір рахаттанып қалушы едік. Бүгін оның Әбсұлтан есімді баласы келіп, әке жолын жалғағанын көрсетті, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Шара барысында қайырымдылық концертін ұйымдастырып жатқан ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова сөз алып, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы басшысының орынбасары Ержан Ақшалов жаңақорғандық өнерпаздарға алғысын жеткізді.
– Қанша шара өтсе де, ешқайсысы дәл бүгінгідей болған жоқ. Бұған дейін мұндай концерттерде осындағы қариялардың көңіл көтеріп, билегенін көрмеппін. Рахмет сіздерге, – деді ол.
Сонымен қатар, бұл күні жаңақорғандық өнерпаздар көзі нашар көретіндерге арнап концерт қойып, «Атамекен» балалар үйінде «Екі дос» деп аталатын ертегіні сахналады.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |