ӨЛКЕТАНУ САБАҒЫ ОҚЫТЫЛАДЫ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаһандық бәсекелестік барысында білім саласының алдына бірқатар міндет қойып, өскелең ұрпақтың өмір талабына бейімделуіне баса назар аударған болатын.

Бұл бағытта аймағымызда сала бойынша жүйелі жоспар жасалып, ауқымды жұмыстар қолға алынып отыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тарқатып айтып берді. Айталық, мақала аясындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» базалық жобасы бойынша биылғы оқу жылдан бастап орта мектептердің 5-7 сыныптарында «Өлкетану» сабағы оқытылады. Яғни, сабақ барысында оқушылар аймақтың қалыптасуы, табиғи-географиялық ерекшеліктері және туған өлкенің жалпы тарихынан мол мағлұмат алатын болады. Бұдан бөлек, туған өлкеге экскурсиялық саяхатты қамтыған әлеуметтік маңызы бар 10 жоба шеңберінде облыстың 5 мың оқушысы Қорқыт ата мемориалды-туристік кешеніне саяхаттап қайтты. Олар этноауылда дайындалған тарихи мұрағаттармен танысып, туған жердің таңғажайып сырларына қанықты. Осы жылдың маусым айының ортасында басталған шара қазан айының ортасында қорытындыланатын болады. Сондай-ақ, елордада өткен «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 3 мыңға жуық оқушы барып, тамашалады.

Жазғы демалыс маусымында аймақтағы 41 өлкетану үлгісіндегі қараша үй және басқа демалыс лагерьлерінде 750 бала демалған болса, ел тарихындағы ежелгі қалалардың орнына, тарихи-өлкетану музейлеріне, киелі орындарға туристік іссапарлар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осы орайда облыс, республика аумағында ұйымдастырылған 646 туристік сапарға барлығы 22 195 оқушы қамтылған. Жалпы, «Өлкетану» базалық жобасын жүзеге асыру барысында облыстағы мектеп оқушыларын түгел қамтуға қажетті шаралар ұйымдастырылып отыр. Ал «Отаным – тағдырым» базалық жобасы бойынша облыстың барлық білім беру ұйымында «Абай оқулары» дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Оқушылардың танымын арттырып, өзіндік бағыт-бағдарын айқындауына осы оқудың айтарлықтай септігі мол. Жоба аясында оқушының білім сапасын жетілдіруіне, сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне лайықты жағдай жасалып, олардың болашаққа қажетті  мамандық таңдауына барынша көңіл бөлінеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Саналы Азамат» базалық жобасының шеңберінде оқушылардың кәсіби бағытта қажетті ақпараттармен қамтылуына назар аударылуда. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың ауқымы өте кең. Дегенмен, осының салдарынан рухани құндылықтың қайнар көзі саналатын кітап оқуға деген қызығушылық бәсеңдеп бара жатқаны белгілі. Осы орайда  «Кітап – білім бұлағы» деп аталатын базалық жоба аясында оқырмандардың өзара кітап алмасуына жағдай жасау, кітапхана базасында ақын-жазушылармен, ғалымдармен, басқа да саланың білікті, бірегей мамандарымен кездесулер ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылған. 

Ғазиза ӘБІЛДА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2017 г. 1 807 0