ІІО ардагерінің есімі көшеге берілді

Қызылорда облысы Сырдария ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органдарында 40 жылғы жуық қызмет еткен милиция полковнигі Қаржаубай Жәртеновтің құрметіне көше атауы берілді. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде көшенің ресми түрде ашылу салтанаты өтіп, шараға Ішкі істер бөлімінің басшылығы, аудан әкімдігі және ішкі істер оргардары ардагерлері қатысты.  

Қаржаубай Жартенов 1924 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Балалық шағының  балдәурені сол кездегі ұжымдастыру мен жаппай кәмпеске деген қырғын-сүргінге тура келді. Ол енбекке ерте араласып, ерте есейді. Орта білім алып, елде ересектермен бірге  еңбек етті. Он сегіз жасқа әлі тола қоймаған ол өзі сұранып 1942 жылы тамыз айында әскер қатарына алынады. Ол кезде сұрапыл соғыстың қайнап тұрған кезі болатын. Қаржеке 36-шы Армияның 585-ші атқыштар полкінде алғашқыда қызыл әскер қатарында болып, кейін атқыштар мектебінің курсанты болады. Әскери мектепті тәмамдағаннан кейін осы полкте бөлімше командирі болған. Кейін Забайкал әскери округінде кіші офицерлерді даярлайтын курста курсант болып, бітірген соң сол округте 23-ші полкта кіші лейтенант Қаржаубай 27-ші мотоатқыштар бригадасында взвод командирі болып тағайындалады. Бұл 1945 жылдың тамыз айының бас кезі болатын. Ол Жапония самурайларына қарсы ұрысқа кіреді. Қаржекең басқарған взводтың қырандары осы қиян-кескі ұрыста ерен ерлік көрсетеді. Ол екінші дәрежедегі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды. Сол соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Жапониядағы ұрыста жеңгені үшін», 1941-1945 жылдары «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Жоғарғы Бас қолбасшыдан алғыс хат алады. Ол әскер қатарында 1946 жылдың тамыз айының ортасына  дейін болған.

1948 жылдың мамыр айынан бастап 1983 жылдың наурыз айына дейін қырық жылға жуық Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында әртүрлі жауапты жұмыстарда атқарған. Қатардағы инспекторлық қызметтен бастаған ол тергеуші, жедел іздестіру бөлімінде инспектор, аға инспектор, бөлім бастығының орынбасары, Арал, Сырдария және Тереңөзек АІІб-ның және Қызылорда ҚІІБ-ның бастығы, Облыстық ішкі істер басқармасы шаруашылық бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Қаржекең 1952-1954 жылдары КСРО ІІМ-нің Львов қаласындағы милиция мектебін тәмамдаған. Оның ерен еңбектері ІІО-да елеусіз қалған жоқ. КСРО ІІМ-ның бұйрығымен I, II, III дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін», «Кеңес милициясына 50 жыл», «КСРО Қарулы күшіне 50 жыл», «1941-1945 жылдағы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 20 жыл» және «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен және «КСРО ІІМ-нің үздік қызметкері» төсбелгісмен марапатталған. Ішкі істер министрлігінің  және Облыстық ішкі істер басқармасының Құрмет грамоталарымен, көптеген Алғыс хаттармен мақталған. Қаржекең ОІІБ басқармасында қызмет атқарып жүрген кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған жалғыз қызметкер еді. Қаржекеңнің тікелей басқаруымен көптеген ауыр қылмыстардың ашылғаны аян. Қылмыстық істердің алдын-алып, оны болдырмау мақсатында және қоғамдық тәртіпті сақтауда көп тер төккен тұлға. Қызметкерлерге қатаң талап қоюмен қатар, оларды сыйлай білетін салиқалы сардар да болды. Қарауындағы қызметкерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларына да аса мән беруші еді. Басшылық қызметтерде болғанда қызметкерлердің халықпен қалай сөйлесу керектігін, олардың арыз-шағымын жедел шешудің түйінін түсіндіруден жалықпайтын. Өзі де келген кісіні қабылдау бөлмесінде көп күттірмейтін, шаруасын айтып келген кісінің  ісін тез шешіп тастайтын. Қарапайым халық пен қызметкерлер арасындағы байланысты бақылап, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуын қадағалайтын. Сондай  қиын да жауапты қызметте жүргенімен отбасына да көңіл бөлуді, ұл-қыздарына ұлағатты тәрбие беруді бір сәт те естен шығарған емес. Үлкен ұлы Серік Қызылорда мен Тараз қаласында түзету колониясында басшы болды. Қазір ол отставкадағы полковник. Бақыт милиция подполковнигі болған. Қызы Әлия ОІІБ-да әртүлі жауапты жұмыстар атқарып, полковник шенінде құрметті демалысқа шықты. Болат ОІІБ-ның МАИ бөлімінде қызмет атқарды. Кеңес Қазақстан Темір жолы саласында машинист болып жұмыс істейді. Немересі Айгүл ҚІІБ-да қызметкер, полиция майоры.

Полковник Қаржаубай Жәртенов ағамыздың өмір жолы өзгеге өнеге боларықтай. Қаржекең 1994 жылы дүние салды. Өзі жоқ болса да өнегелі істері өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек.     


Қызылорда облысы ІІД Ардагерлер кеңесі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қыркүйек 2017 г. 612 0