
Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыласы Дэниэл Джейкобс GGG-дің Сауль Альвареспен тең түсуіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Америкалық боксшы отбасымен бірге жекпе-жекті тамашалау барысында инстаграмда тікелей эфирге шықты.
«Жекпе-жек өте қызықты болды, алайда GGG жеңді деп есептеймін. Бокста дененің ірілігі маңызды. «Канело» жақсы шабуылдады, ол жылдамдықты үдете отырып, тамаша соққылар жасады. Көлем мен күш маңызды рөл ойнайтын соңғы раундтарда Головкин оның қарқынына төтеп беріп, жекпе-жекті жалғастырды. Өте тартысты жекпе-жек болды», - деді Джейкобс төрешілер шешім шығарғанға дейін.
Төрешілер шешімі жарияланғаннан кейін Джейкобс қатты таңғалып, аздап қызбалыққа салынды.
«Егер «Канело» тең нәтижеге лайық болды десеңіздер, бұл барып тұрған сандырақ. Ақылға қонбайды. Мен екеуінің кез келгенімен айқасамын, бірақ шынымен де GGG жеңді деп ойлаймын. Төртінші-бесінші раундтардан бастап ол тең нәтиже болатындай ештеңе істеген жоқ. Спортты саясатқа айналдырып жібергенін көріп отырсыздар. Бүгінгі бокстың халі осындай.
Меніңше, Головкин жеңді. Оның джебі дәл тиіп жатты. Оған жас, әккі және жылдам жігіттің ырғағына ену үшін аздаған уақыт керек болды. Бірақ тең нәтиже – ақылсыздық, жігіттер. Олар жекпе-жекті қайта өткізгісі келіп отыр», - деді ол.