
16 қыркүйекте 2017 жылы 02 сағат 55 минутта ҚР ІІМ ТЖК «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің кезекшілік диспетчерлік бөлімінің кезекшісіне Қызылорда облысы ТЖД кезекшісінен «Сыр ана» монументі маңында Сырдария өзеніндегі көпірдің үстінен, он екі метр биіктіктен белгісіз ер азамат суға секіріп кеткені жөнінде хабарлама түсті.
Осы хабарлама бойынша шақырылған жерге құрамында төрт құтқарушы бір бірлік техника моторлы қайықпен жедел құтқару тобы шықты. Оқиға орнына жеткен кезде, құтқарушылар белгісіз ер азаматтың суға түсуге тыйым салынған жерде және мас күйінде көпірден секіріп кеткенін анықтады. Ол өз күшін дұрыс есептемей жағаға жете алмады. Қатты судың ағысы оны өзеннің ортасына алып кетті.
Құтқарушылар жедел іс қимыл арқасында ер азаматты батып бара жатқан жерінен құтқарып алып, жағаға шығарды. Алғашқы дәрігерлікке дейінгі көмек көрсетіп, оқиға орнына жеткен жедел-жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Ер азамат есін жиғаннан кейін, құтқарушыларға жедел іс қимылдарына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Осы оқиғаның себептерін полиция қызметкерлері анықтауда.
ҚР ІІМ ТЖК «Оңтүстік ӨАЖҚЖ» ММ