
Елімізде 4-рет ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын Қарағанды облысынан келген Куриленко әулеті жеңіп алды. Жеңімпаз отбасыға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова микроавтобустың кілтін табыстады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Биыл ұлттық конкурсқа 16 үлгілі отбасы қатысты. Байқаудың жеңімпазын анықтау мақсатында 7-15 қыркүйек аралығында интернет және sms арқылы дауыс берілді. Нәтижесінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Қарағанды облысынан келген Куриленко отбасы жеңіске жетті.
Отбасының тірегі – Николай Семенович Куриленко. ҰОС ардагері жұбайымен 66 жыл отасыпты. 45 жыл Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта слесарь, шебер, бөлім басшысы қызметтерінде еңбек еткен. Ардагер «IІ дәрежедегі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысында Германия жеңгені үшін» және «Георгий Жуков» және т.б. медальдар алған.
Николай Куриленко жұбайымен бірге 5 бала, 10 немере, 7 шөбере тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда үлгілі отбасының балалары түрлі салада жұмыс істеуде.
Байқауда Николай Куриленко Елбасыға өз алғысын білдірді.
«Менің жасым 90-да. Біз өте қуаныштымыз. Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін. Барлық отбасыларға бақыт, байлық тілеймін. Әулеттеріміз еліміздің игілігі үшін жұмыс істесін. Алға, Қазақстан!», - деді ардагер қуанышын жасыра алмай.
Кейін жеңімпаз отбасыға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова микроавтобустың кілтін табыстады. Ал ұлттық байқауға қатысқан басқа отбасыларға 300 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Бұл сертификат еліміздің кез келген қаласынан тұрмыстық техника сатып алуға мүмкіндік береді. Байқаудың соңында еліміздің эстрада әншілері концерт қойды.
Айта кетейік, биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына 2 мыңнан астам отбасы қатысуға өтініш білдірген екен. Нәтижесінде 16 отбасы байқаудың финалдық кезеңіне қатысуға мүмкіндік алған.