Қазалының ауыл шаруашылығында өсім бар

Қазалы ауданы – ауылшаруашылығына негізделген аймақ. Бұл сала да мемлекеттің қолдауымен жақсы дамуда.Жыл басынан бері 2 млрд. 494,4 млн теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 147,5 млн. теңгені құрады.

Өткен жылы аудан дихандары егілген 6670 гектар күріштің әр гектарынан 49,6 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 33 мың тоннадан астам астық құйылды. Бұлел Тәуелсіздігі кезеңіндегі рекордтық жетістік. Биыл 17355 гектар егін егіліп, негізгі дақыл күріш 6800  гектарды құрады. Бүгінде ауданда егін жинау науқаны басталып кетті.

Қазалы ауданы ақ күріштің ордасы атануымен бірге «Сыр қауыны» деген брендімен де алыс және жақын шет елдерге атағы жайылған өлке. 70 жыл бұрын Бельгияның астанасы – Брюссельдегі халықаралық көрмеде Қазалының қара күләбісі  алтын медаль иемденген болатын.

Биыл аудан әкімінің қолдауымен ауылдық округтерде аталған ата кәсіп – бау-бақша егу жұмыстарын жандандыру ісі қызу қолға алынды. Жыл көлемінде өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар үйлестірілді.

Аудан бойынша 324 мүше бірігіп құрылған 36 ауылшаруашылығы кооперативтеріне жерді қоршау, жерді өңдеу, аяқ су жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетілді. Олардың 25-і мал шаруашылығымен, 9-ы егін шаруашылығымен, 1-і мал шаруашылығы өнімдерін, 1-і көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады. Ауданда өндірілген өнімдерді тиісті орындарға жіберумен айналысатын «Бақша» кооперативі жұмыс істейді.

Бақшалық жерлерді қоршау жұмыстарына қажетті материалдар сатып алуға бюджеттен 18,0 млн теңге бөлінді.Машина-трактор паркі 18 дана техникамен толықты. 60,0 млн теңгеге 6 МТЗ трактор, 6 тіркеме, 3 соқа және 3 дән сепкіш техникалары сатып алынып,  Алға, Аранды, Майдакөл, Бозкөл, Сарыкөл, Өркендеу ауылдық округтерінің шаруаларына жаңа техникалардың кілттері табысталды.

Ауданда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесі қарастырылған. Бақша өнімдерін сыртқы экспортқа өткізу мақсатында аудан әкімі бастаған арнайы делегация өткен жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында және Ақтөбе қаласында іссапарда болып,Қазалы ауданы әкімдігі менресейлік «Kaz-Food» компаниясы және «Скайленд-94» жабық акционерлік қоғамымен, Ақтөбе облысының аудан әкімдерімен жергілікті өнімдерді өткізу жөнінде меморандумдарға қол қойылды.

Нәтижесінде егінмен айналысатын 9 кооператив есепті кезеңде 511 гектар жерден 7300 тонна өнім алып, оның 140 тоннасынэкспортқа жіберді. Қазіргі таңда қазалылық бақша өнімдері Ресей Федерациясының Мәскеу, Орск қалаларынан өзге Ақтөбе, Ақтау, Атырау мен Арал, Байқоңыр, Түркістан, Жезқазған қалалары мен аудандарына жөнелтілуде. 

Сонымен қатар, халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы Әйтеке би кентінен бау-бақша өнімдері сатылатын бес орын белгіленіп, шатырлар орналастырылды. Енді кент тұрғындары өздері тұратын аймақтарда жергілікті бақша өнімдерін тиімді бағада сатып ала алады.

Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттау мақсатында Қызылорда  мен Астана қалаларында және аудан орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда қазалылықжергілікті өнімдер халыққа нарықтан төмен бағада ұсынылып келеді. 

Жалпы, биыл Қазалы ауданы бойынша бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіруді  620 гектарға ұлғайту жоспарланған. Бау-бақша өнімдерін егіп, өсіру жұмыстары уақытында 500 адам жұмыспен қамтылды.

Мал шаруашылығында да оң өзгерістер бар. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда малдың барлық түрінде өсім бар. Бұған мемлекеттік «Сыбаға», «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламалары шеңберінде атқарылған жұмыстар мал басының көбеюіне септігін тигізуде. Сонымен қатар, ауданда «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары іске асырылуда.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар 22,1 пайызға, «Құлан» бағдарламасы130,6% пайызға орындалды.

Ауданда ауылшаруашылығы саласында ірі көлемдегі жобалар іске асырылады деп күтілуде.

Биыл «РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін» жүзеге асыру жоспарланып, тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өңдеу көзделуде. «РЗА» мал фермасын сыртқы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге бюджеттен 13,5 млн. теңге қаралды.

«Сыр Маржаны» ЖШС-нің «Ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы» жобасы бойынша жылына 5000 тонна етті өңдеп, консервілейтін зауыт пен шұжық шығару цехын салу жоспарлануда.

 «Жеңіс» шаруа қожалығының «Түйе, жылқы сүтін өндіру және мал бордақылау кешені» жобасы бойынша 1,8 гектар жер учаскесіне кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен кезең-кезеңімен бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде.Жоба бойынша қымыз, шұбат өндіру, мал сою пунктін салу және барлық мал түрлерін бордақылау жұмыстары атқарылатын болады. 

Жалпы аталған жұмыстарды жүзеге асыру арқылы Қазалы ауданында жаппай ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмыссыздықты азайту, жергілікті салық базасын толықтыру бағытында жұмыстар атқарылуда.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2017 г. 635 0