Әлеуметтік желідегі әліпбиге қатысты 1,8 мың жазба назарымызда

Латын негізді қазақ жазуының реформасы - рухани жаңғыруымыздың шешуші факторы, терең мәнге ие бастама. Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының отырысында Мемлекеттік тілді жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның Жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек осылай мәлім етті. 
«Ақпарат құралдарына келетін болсақ, Елбасының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері қазақ әліпбиін реформалау туралы екі мыңға жуық сараптамалық мақалалар мен пайымдаулар жарық көрді. Әлеуметтік желілерде 1800-ден астам мазмұнды жазбалар шықты. Осының барлығы - әрдайым біздің назарымызда», - деді Ерден Қажыбек.   Ұлттық комиссияның жұмыс тобының бастамасымен 20-дан астам ғылыми-ұйымдастыру және ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар өтіп,  оларға екі айда 2,5 мыңнан астам ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан. «Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шетелден, ауылдан да, қаладан да, халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен зейнеткерлер, жастар мен сырттағы отандастарымыз - бәрі де өз үлестерін қосуға тырысуда», - деді лингвист ғалым. 
Оның айтуынша, жобалар сұрыпталып «интернет, IT» «түркілік», «қазақ филологиялық», «ағылшын-еуропалық», «UNICODE», «кирил-латын», «құрама», «әуесқой» деп топтарға бөлінген.        «Мәселен, белгілі отандасымыз, тілші профессор, Қытай азаматы Мұрат Сұлтаншәріпұлы, Ресейлік отандасымыз, мәскеулік, танымал алтаист-түрколог Эрколи Азербаев, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтан, көптеген шетелдік ғалымдар - Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан, өңірлерден - ұсыныстар, хаттар, жобалар келіп жатыр», - деді Ерден Қажыбек. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қыркүйек 2017 г. 542 0