164 мың жасотандық латын қарпіне көшуді қолдайды - Сүндетбаев

Латын қарпін қолдану қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, табиғи таза қалпының сақталуына мүмкіндік береді. Бұл туралы Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының отырысында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баршамызға белгілі, Елбасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын қарпіне ауысуды мақсат етіп айқындап берген болатын. Латын әліпбиіне ауысу еліміздің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттігін арттыра отырып, үш тілділікке көшу үрдісін жылдамдатады. Сонымен қатар, латын қарпін қолдану қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, табиғи таза қалпының сақталуына мүмкіндік береді», - деді  Данияр Сүндетбаев. Жас Отан» жастар қанатының төрағасы латынның ғылым мен техниканың тілі екендігін атап айтты. Латын қарпіне көшу - заман талабы. Кез-келген инновациялық технология, компьютер, смартфон мен гаджеттердің бастапқы программалары латын қарпімен жазылады. Физика, химия, математика, биология, экономика салаларында қолданылатын формулалар латын қарпінде. Әлем бойынша көп таралған жазба - латын жазбасы, оны  жер шары тұрғындарының 40%-ы қолданады.  
«Ағылшын  тілін меңгерудің арқасында түгел жастар қазіргі таңда  латын қарпін толық біледі, және бұл жаңалықты қуанышпен қабылдайды. Осыған байланысты 164 мың жасотандық латын қарпіне ауысуды қолдай отырып, бұл үрдістің ұлттық бірегейлігіміз бен  болмысымызды сақтап қалудың бірден бір негізі екенін айтамыз. Күні кеше еліміздің барлық өңіріне латын қарпіне көшуді қолдайтындығымыз туралы  әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда үндеу жариялаған болатынбыз. Ол  еліміздің барлық жастар тарапынан қолдау тауып, әлі де таралып жатыр. Латын қарпіне көшу жайлы Елбасымыз тәуелсіздік алған жылдардан бері айтып келеді. Бүгін қуанышқа орай іс жүзінде нақты қадамдар жасалып жатыр. Біз, Жастар латын қарпіне көшуге байланысты орын алатын білім мен ғылымдағы айтарлықтай бетбұрысқа дайынбыз!», - деді ол.    

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қыркүйек 2017 г. 631 0