Қасақана кісі өлтіру неге көбейді?

Қасақана кісі өлтіру неге көбейді?   Өткен жылдың қорытындысымен Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақытжан Қалымбет жуырда журналистермен кездесіп, бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап берді.

Журналистермен кездесуде сот төрағасы мамандандырылған сот жұмысының жай-күйіне баса тоқталды. Оның ішінде 2013 жылы сотқа түсетін істер саны, олардың санаттары, істерді қарау сапасы, алқабилермен жұмыс жасау және т.б. мәселелер жайлы хабардар етті.

«Қылмыстық істер жөніндегі сотына барлығы 37 қылмыстық іс 53 адамға қатысты түскен. Оның 65 пайызын қасақана адам өлтіру, 16 пайызын аса ірі мөлшердегі есірткі заттарына қатысты, 13 пайызын кәмелетке толмаған жәбірленушілерді зорлау, оларға қатысты нәпсіқұмарлық әрекеттер жасау қылмыстары құраған. Сотта қабылданған сот актілерінің 65 пайызынан астам жоғары тұрған соттарда шағымдармен, наразылықтармен қайта қаралса да, соңғы үш жылда соттың бір де бір үкімі бұзылмай жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Қаралған істердің көпшілігі қоғамдық пікір туғызатын істер болып табылады. Мысалы, көрінеу он төрт жасқа толмаған 2006 жылы туылған жәбірленушіге күш қолданып жыныстық қатынас жасап, аса қатыгездікпен қасақана қаза келтіріп оны өлтіргені үшін кінәлі болып табылып, ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігімен және 96-бабы 2-бөлігінің «в,д,к,о» тармақтарымен сотталған Ж-ға қатысты қылмыстық ісі. Жасаған қылмысы үшін заңды күшіне енген сот үкімімен сотталушы түпкілікті 25 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланды.

Сот есепті кезеңде алқабилердің қатысуымен 6 қылмыстық істі халық өкілдері – алқабилердің қатысуымен қараған. Облыс тұрғындары алқаби болып қылмыстық іске қатысуға белсенділік танытып келген» делінген Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 ақпан 2014 г. 1 127 0