«Абай жолын» 3 секундта жаңа әліпби жүйесіне аударуға болады

«Алдағы уақытта қолданысқа енетін «Attila group» компаниясы жасаған конвертер тілдің дамуына кепілдік бермек». Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі, «Attila group» интернет компаниясының өкілі Біләл Қуаныш осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біләл Қуаныш өз сөзінде осы конвертердің артықшылықтарына тоқтала кетті: «Біріншісі, біздің мамандарымыз он жылдан бері зерттеп келе жатқан қазақ әліпбилерінің конвертер жүйесі осы күнге дейін әлем қазақтары пайдаланып келе жатқан кирилл, латын, төте жазуларды бір-біріне қателіксіз аудара алатын бірегей жүйе.
Бұл жүйе осыған дейін «Егемен Қазақстан», «ҚазАқпарат» агенттіктерінде қолданылып, басқа елдердегі отандастарымыз пайдаланды. Сондай-ақ, төте жазумен оқитын Қытай қазақтары да, латын әліпбиімен оқитын Еуропа қазақтары да осы конвертер арқылы жаңа әліпбидегі мәліметті оқи алады». Одан бөлек, спикердің сөзінше көпжылдық тәжірибеден өткен осы конвертер жүйесі ендігі кезекте мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиін халық арасында өте ыңғайлы, қолжетімді тұрғыда насихаттап, тез қолданысқа енуіне айрықша қызмет етпек.
«Мысалы Сіз кирилл әліпбиімен оқыған адам болсаңыз, «Attila group» компаниясы жасаған конвертер жүйесін компьютеріңізге немесе ұялы телефоныңызға орнату арқылы кез келген уақытта кез келген мәтінді жаңа әліпби нұсқасына аудара аласыз. Тіпті «Абай жолы» романын 3 секунд аралықта жаңа әліпби жүйесімен оқуға мүмкіндігіңіз болады. Бұл конвертерді кез келген компьютерге, ұялы телефонның кез келген нұсқасына, кез келген программалық құралдарда пайдалануға мүмкіндік бар», - деді ол.
Ескеретін бір жайт, Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы бірыңғай стандартты әліпбиі халыққа таныстырылған соң «конвертер жүйесі» Мемлекет белгілеген бір ғана нұсқамен жасалатын болады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қыркүйек 2017 г. 504 0