ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ

Алғашқы жартыжылдықта жаңадан берілген кредиттердің көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда біршама ұлғайған. Банк секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және экономиканың нақты секторын кредиттеуді қалпына келтіру мақсатында Ұлттық Банк еліміздегі банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын қабылдаған болатын. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Ұлттық Банк Қызылорда филалының директоры Әсет Мұстафин айтып берді.
Бағдарлама банктерді капиталдандыруды қолдауға бағытталған, олардың қаржылық тұрақтылығын және ықтимал жаңа жағымсыз сыртқы факторларға төзімділігін күшейтеді. Бұл ретте бағдарлама акционерлер мен инвесторлардың банкті капиталдандыру жөніндегі ортақ жауапкершілігі қағидатымен іске асырылатын болады. Қолдау бойынша қабылданатын шаралар банк секторының жұмыс істемейтін активтерінің қысқаруына, нақты секторды кредиттеуді жандандыруға әкеледі және, тұтастай алғанда, ел экономикасының дамуына мультипликативті әсер етеді.
2017 жылдың 28 тамызынан бастап Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені  10,25 пайызға дейін төмендетті. Сонымен бірге ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі де осы деңгейге дейін төмендейді. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі жылдық инфляция қарқынының баяулауын, инфляциялық күтулердің тұрақты деңгейін, сондай-ақ  орта мерзімді кезеңдегі инфляцияны одан әрі төмендету бойынша бағаны көрсетеді. Шілде айында айлық инфляция  республика бойынша 7,1 пайызға дейін төмендеді. Облыстағы бұл көрсеткіш 6,8 пайызды құрап отыр.
2017 жылдың тамыз айында теңгенің нарықтық бағамы долларға шаққанда 328,07-335,71 теңге аралығында өзгерді. Облыстағы банктер мен уәкілетті ұйымдардың айырбас пункттеріндегі АҚШ долларының орташа сату бағамы тамыз айында 330,49 теңге мен 335,36 теңге аралығында қалыптасты. 6 айдың ішінде облыстың айырбас пункттері 47,9 млн АҚШ долларын сатып, 29,9 млн АҚШ доллары сатып алды.  Шетел валютасы нарығының сегментінде белсенділіктің төмендегені байқалады.
Брифинг барысында хабарламашы долларсыздандыру, депозит нарығында валюталық салымдар туралы айтты. Экономиканың нақты секторының кәсіпорындарына жасалған мониторинг нәтижелерімен таныстырды.

М.МЕРЕЙ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қыркүйек 2017 г. 523 0