
Көптеген жастарға үлгі болған ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, және әлем кубогының иегері, Еуразияның екі мәрте чемпионы, Азия чемпионы Ардақ Назаров Сыр елінде болды.
Алғашқы күні облыстық Жастар ресурстық орталығының спорт алаңында болып, спортсүйер жасөспірімдер мен жастарға арнап шеберлік сабағын жүргізді.
Келесі күні Достық үйінде жастармен кездесіп, өмірлік жолынан сыр шертіп, қатысушыларға үлгі-өнеге боларлықтай әңгімелерін жеткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – спортқа қызығушылығы бар жастарға қолдау көрсету, салауатты өмір салтын дәріптеу, жастардың спортқа деген құлшынысын арттыру арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру, жастардың бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал ету болды. Өз кезегінде жастар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жауап алды. А.Назаровтан естелік сыйлықтар алған жастар ризашылықпен тарқасты.
Одан кейін Сыр самалы жағалауында өткен «Кроссвит» спорттық сайыстарына қонақ ретінде қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.