
Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин мен Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Серік Қожаниязов алдағы ғарыш мерейтойына арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
2017 жылдың 4 қазанында аталып өтілетін мерейтойлық дата - Жердің алғашқы жасанды серігі (ЖЖС) ұшырылуының 60 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар кешені жоспарланған, деп хабарлайды қала әкімшілігінің баспасөз қызметі.
БАҚ өкілдерімен кездесу барысында басшылар атап өткендей, ресейлік және қазақстандық тараппен мерейтойлық рәсімге дайындық аясында ғана емес, сондай-ақ жалпы «Байқоңыр» кешенін дамыту бойынша ауқымды бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, «Байқоңыр» кешені жөніндегі Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясы 5-отырысының қорытындысы бойынша ұшыру мүмкіндігін ескере отырып, ұшыру сынақтарын 2022 жылы бастауды қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құруды жылдамдату туралы шешім қабылданды.
Қазіргі таңда қала инфрақұрылымын жақсартуға, инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, қалада жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік беретін «2017-2025 жылдарға арналған Байқоңырды бірлесіп дамыту» ұзақ мерзімді бағдарлама жобасы жасалды.