Ғаламтор арқылы алаяқтардың арбауына түскендер саны артқан

Соңғы кездері Қызылордада ғаламтор желісі арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары көбеюде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІБ-ге сілтеме жасап.
Ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы әртүрлі заттарды, киім-кешектерді, телефондар мен басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп алдауына түсіретіндер бар.
Мәселен, 2017 жылғы 24 сәуірде 1990 жылғы қала тұрғыны Koleso.kz сайтынан «Nissan Patrol автокөлігінің қозғалтқышын сатамын» деген хабарламаны көзі шалып қалады. Хабарлама иесімен сөйлесіп, сатып алатындығы жайлы уағдаласып, келіскеніндей Qazkom банкі арқылы шотына 300 мың теңге аударады. Алайда хабарлама иесі уәдесін орындамай ғана қоймай, жәбірленушінің ақшасын да қайтармайды. Осы сияқты сәуір айында 1979 жылғы қала тұрғыны «Mazda автокөлігіне қозғалтқыш алып беремін» деген алаяқтың арбауына түссе, 1990 жылғы азамат Мitsubishi «Space wagon» маркалы автокөлігіне мотор» алып беремін деген ғаламтор арқылы танысқан азаматқа алданған. Нәтижесінде біріне 72 мың теңге көлемінде, енді біріне 145 мың көлемінде шығын келтірілген.
Сонымен қатар, Айфон смартфонын төмен бағада сатып алып беремін» деп алдағандарға қатысты бірнеше оқиға тіркелген. Мәселен, ақпан айында 1993 жылғы қала тұрғыны «Olx» сайты арқылы «Iphone 5S» маркалы ұялы телефоны 45 000 теңгеге сатылатыны жайлы хабарламаны көреді. Иесімен телефон арқылы уағдаласып, айтқан сомасын банк шоты арқылы аударады. Алайда, ұялы телефон иесі байланысқа шықпай, ақшаны қалтасына басып, ізді-күйлі жоқ болып кетеді.
Интернет-алаяқтардың арасында өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, ірі көлемдегі несие алып беретініне сендіріп, алдап кететіндер жетерлік. Мәселен, тамыз айында 1977 жылғы қала тұрғыны «Olx» сайтындағы «Forte» банктен 2,7 млн теңге көлемінде несие алып беремін деген хабарламаны көріп қалады. Хабарлама иесімен байланысып, шотына 135 мың теңге аударады. Шамадан тыс сенгіштігінің нәтижесінде алаяқтың арбауына ілігіп, шығынға ұшырайды.
Барлық деректер Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы жайттарды ескере отырып, қызылордалық полицейлер қандай да бір келісім жасамас бұрын интернеттегі хабарламаның немесе жарнаманың шынайылығына көз жеткізуін сұрайды. Сонымен қатар, төлем жасамас бұрын алатын заттың бүтіндігін көріп, тексерген абзал. Төлем жасаған жағдайда, чекті сақтап қойып, көрсетілген қызмет жасалмаса, бұл жөнінде құқық органдарына жүгінуін сұрайды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қыркүйек 2017 г. 550 0