
Қызылорда қаласында жаңадан балалар ойын алаңы ашылды. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған бұл алаңды облыстық мәслихат депутаты Асқар Махамбетов өз қаржысына салдырған.
Абай көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің ауласына кіргеннен бірден көзің балалар алаңына түседі екен. Аталған ойын алаңының құрылысын «Бест-Сервис LTD» ЖШС жүргізген. Оның құрылысына 4 млн. теңге қаржы жұмсалған. Оған шөп тәріздес жасыл жабынды төселіп, жан-жағы қоршалған. Іші бүлдіршіндер ойнайтын әткеншек, сырғанақ, айналма секілді жабдықтармен қамтылған. Бір қапталына балаларын ойнатуға келген ата-аналарға арналған орындықтар қойылған. Бір сөзбен айтқанда, кішкентайлардың көңілін көтеруге де, көрші-қолаңмен отырып әңгіме-дүкен құруға да жағдай жасалған. Балалардың асыр салып ойнағанын қызықтап отырған тұрғындарды сөзге тартқан едік.
– Мен осы маңдағы 26-шы үйдің тұрғынымын. Халықпен кездесуге келген депутат Асқар Махамбетовке балалар алаңы қажет екенін айтып өтініш жасаған едік. Сөзімізді жерге тастамай, жаңа ойын алаңын салып берді. Енді бұл жер ел игілігіне қызмет ететін болады. Ең бастысы, балаларымыз қуанып жүр. Олардың қуанғанын көрудің өзі бір бақыт емес пе, – деді Рая Иманбаева бізбен әңгімесінде.
Расында, мына дүниеде сәбидің күлкісінен артық не бар дейсің?! Олардың шаттанғанын көріп, біз де сүйсіндік.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ,
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).