
Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» сайты ағылшын тілінде хабар тарата бастады. Бұған дейін республикалық газеттің электронды нұсқасын қазақ және орыс тілдерінен бөлек, төте жазуда оқуға болатын, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі газеттің электронды нұсқасын дамыту мақсатында сайтқа орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқасы іске қосылатынын өткен жылы хабарлаған болатын.
Ал биыл наурыз айында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында egemen.kz сайтының жаңа нұсқасын таныстырған газет басшысы «Егемен Қазақстан» газетінің архивтегі барлық нөмірі цифрлық нұсқаға көшірілетінін мәлім еткен. Осы басқосуда ел газетінің 100 жылдық мерейтойына орай газет тарихы баяндалатын 10 томдық дайындалып жатқаны да айтылған еді.
Ең алғаш 1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» атауымен жарық көрген газетте Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаевтар қызмет етіп, басылымды дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты. Газет өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарық көрді. Еліміз егемендік алған тұста «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы - «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.