Renault көлігі ұтысқа тігілді

«Әлем Барысы» чемпионатын тамашалауға келген көрермендер Renault көлігін ұтып алуы мүмкін. Бұл туралы бүгін «ЭКСПО» көрмесі аясында өтетін «Әлем Барысы» қазақ күресінен әлем чемпионатына арналған баспасөз мәслихатында «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көрермендер арасында жүлдеге автомобиль ойнатпаған турниріміз жоқ. Бұл жолы француздың тамаша Renault көлігі ойнатылатын болады. Әдетте, біреулер ұтысты өздерінің таныстарына береді деп жатады. Бізде ондай болған емес. Бізде барабанды беделді тұлғалар айналдырып, жүлдегерді анықтайды. Мәселен, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкепіров. Яғни, олар әділдіктен аттап баспайды», - деді ол.

Сонымен қатар ол «Әлем Барысы» жеңімпаздарына берілетін жүлдеге қатысты да мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, жалпы жүлде қоры 30 млн теңгені құрайды.

«Жалпы бізде жүлделі 10 орын бар. Бірінші орынға - 15 млн, екінші орынға - 5 млн, үшінші орынға - 3 млн,  төртінші орынға - 2 млн, бесінші орынға - 1,5 млн, алтыншы орынға 1 млн теңге болып жалғаса береді. Біз бұл жарысқа келетін әрбір төртінші спортшы жүлдесіз қайтпауын қарастырдық. Бұл дұрыс деп есептейміз», - деді Арман Шораев.  

Айта кетейік, 6 қыркүйек күні сағат 18:00-де «Mega Silk Way» ойын-сауық орталығында "Alem Barysy" қатысушыларының салтанатты салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі болады. Чемпионат 8 қыркүйекте «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.

Абсолютті әлем чемпионатын тікелей эфирде «Qazaqstan», «Qazsport», түріктің «TRT Avaz», Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ» телеарналары көрсетеді.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2017 г. 1 030 0