
Дихан қауымның жаз бойы төккен терінің жемісін татар сәт жырақ емес. Соған орай алқаптарда жауапты кезеңге дайындық қыза түскен. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшылығына жуырда ғана тағайындалған Өміртай Өтеп – Әліден күзгі егін жинау барысына әзірлік шаралары жайлы мәлімет сұраған едік. Бұған дейін ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп, бірнеше ауылдық округте әкім қызметін абыройлы атқарған білікті басшы мүдірген жоқ. Қажетті деректерді тайға таңба басқандай ұғынықты түрде жеткізді.
Өміртайдан білгеніміз аудан бойынша биыл ауылшаруашылығы дақылдары 17 355 гектар жерге орналасыпты. Негізгі дақыл күріш 6800 гектарға егілген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 130 гектарға артып отыр. Межеленген өнім алу үшін шаруашылықтар минералдық тыңайтқышпен, егіс арамшөптеріне қарсы гербицидпен қамтылған. Оған қоса дақылдардың өсу дәуірі барысында оңтайлы мерзім ішінде тиісті агротехникалық шараларға сай күтіп-баптау жұмыстары өз дәрежесінде жүргізіген. Нәтижесінде күтімге алынған күріштің 78,9 % (5355 га) жақсы, 19,8 % (1350 га) орташа, 1,3 % (95 га) қанағаттанарлық деп бағаланған. Қазіргі таңда күріш егісінің алды сүттену дәуірінде, онан кейінгілері бас алып тақта болса, кенже күріш толық масақтанып гүлдеуде . Атап айтарлығы, ағымдағы жылы егістікті сумен қамтуда проблемалық мәселелер орын алған жоқ. Су көлемі жеткілікті.
«Бүгінгі күнге 1100 га күріштің суы байланды. Аудан бойынша алғашқы күріш орағы 5-6-ші қыркүйекке жоспарланса(жиектеп кіру), сапалы әрі белгілі мерзімде аяқтау межеленген. Егін орағына қатысатын ауылшаруашылығы техникаларынан 70 комбайн ,48 жатка ,160 трактор,54 жүк көлігі,62 трактор тіркемесі жөндеуден өтіп егін жинау жұмысына дайын тұр. Сонымен қатар, егілген 600 гектар сүрлемдік жүгері екі рет, култивацияланып үстеп қоректендірілді. Нақты кезеңде 410 га жаздық бидай дақылы түгел жинап алынды. Гектардың орташа түсімі 10,5центнерден айналды .2017 жылға егіншілік саласын субсидиялауға байланысты бүгінгі күнге 322,5 млн теңге субсидия төленді», – дейді сала мамандары. Талап оң болсын.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.