
Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының құрылтайшысы Оскар Де Ла Хойя 16 қыркүйекте орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жек қанша раундқа созылатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі vesti.kz-ке сілтеме жасап.
«Бізде әрдайым алда жүретін Головкин бар. Ол екі қолымен де жойқын соққылар жасайды. Ол әрдайым нокаутты іздейді және оның рекорды бұған дәлел. Ол өз спорттық мансабында барлығын нокаутқа түсіріп келеді. «Канело» өзін көрсету мақсатында барын салады. Бұл керемет жекпе-жек болады. Менің ойымша, олар бес-сегіз раунд қиян-кескі айқасады. Бұл сөзсіз керемет әрі қызықты кездесу болады», - дейді Оскар Де Ла Хойя.
Осыған дейін промоутер «Канелоның» нокаутқа түсіп қалуын немесе Головкиннің жеңіліске ұшырауы мүмкін екенін айтқан еді.
Айта кетейік, Головкин – «Канело» жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena-да өтеді.
Сауль Канело Альвареске қарсы жекпе-жекте Геннадий Головкин орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO чемпиондық атақтарын қорғайды. Мексикалық «The Ring» журналының белбеуін бәске тігеді.