
Германияның Гамбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында аса ауыр салмақтағы боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Боксшымыз әлем чемпионатының финалдық кездесуінде әзербайжандық Магомедрасул Межидовпен жұдырықтасқан болатын. Төрешілер 4-1 есебімен жеңісті әзербайжандық боксшыға берді. Бұған дейін 56 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан боксшымыз Қайрат Ералиев америкалық Дюк Раганды ұтып, әлем чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз. Одан кейін шаршы алаңға көтерілген Әбілхан Аманқұл Еуропа чемпионы украиналық Александр Хижнякпен әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасып, жеңіліп қалды. Айта кетейік, осыған дейін Гамбургтегі әлем чемпионатында Жомарт Ержан (49 келі), Василий Левит (81 келі) пен Абылайхан Жүсіпов (69 келі) қола жүлдегер атанған еді. Осылайша Қазақстан боксшылары әлем чемпионатын 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен аяқтады.