Мерзімдік тұмаудың аса қауіпті түрі өршуі мүмкін

Қазақстан аумағында мерзімдік тұмаудың аса қауіпті түрі өршуі мүмкін. Осындай болжам жасаған ақ халаттылар, тіпті жұқпалы ауруға қарсы бір жарым миллион екпе сатып алып қойыпты деп хабарлайды 31 арна.
Жаппай екпе жұмыстары еліміз бойынша бірінші қазаннан басталады. 

Күзде өрши түсетін тұмау вирусының бірнеше түрі биыл да қиын тиюі мүмкін. Эпидемиологтар елімізде тұмаудың А, N1H1, H3N2 мен В түрлеріөршиді дейді. Суық тидіру маусымынан аман шығу үшін, тіпті қажетті вакцина да сатылып алынып қойылған. Ал ел арасында күздің қара суығында тоңып, жөтел қысса, бір кесе сүтке бір қасық сары майды салып ішетіндер көп. Ал сүтке сарымсақтың бір бөлігін салсаңыз, көк жөтелден арылуға болады дейді тұрғындар. Егер бұдан да түк шықпаса, аяғыңызды жылы суға малып, денеңізді этиль спиртімен сүртуге де халықтың өзі кеңес береді.

Алайда үй жағдайындағы бұл тәсілдер барлығына бірдей ем бола бермейді дейді дәрігерлер. Сондықтан ауруханаларға жүгінген дұрыс екенін айтады. Жыл сайын бір ғана Қарағандының емханаларына тұмаудың қауіпті түріне шалдыққан он мыңнан астам адам жүгінеді екен.

Ақ халаттылар «жұқпалы аурудан емделмесе, созылмалы дертті жұқтыруы мүмкін» дейді. Сондықтан дәрігерлер екпені ауруға дейін, яғни күз мезгілінде алған дұрыс деп отыр. Өйткені «А» типтегі тұмау қараша мен наурыздың арасында аса өрши түседі екен.

Дәрігерлер тұмауға қарсы вакцинадан адамдардың бас тартатынын айтады. «Жылда бұндай тұрғындардың қарасы тек көбейіп келеді» дейді. Дегенмен, кейбір қарағандылықтар жұқпалы аурудан қорғану үшін жылда екпе жасауды жөн санайды. Мәселен, былтыр бір екпенің құны 2300 теңге болса, биыл бұл баға өсуі мүмкін.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 тамыз 2017 г. 476 0