ТҰРҒЫН ҮЙ БЕРУ СОҢҒЫ ТӨРТ ЖЫЛДА ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

Биыл облыста 54 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 23 нысан өткен жылдан өтпелі болса, 31 нысанның құрылысы ағымдағы жылы басталған. Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте баяндады.
– Қазіргі таңда олардың тоғызы тапсырылып, тамызда он нысанның, ал жылдың аяғына дейін сегіз нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 28 нысанның құрылысы келесі жылдың еншісінде, – деді Марсбек Молдабаев. – Мемлекеттік қолдаумен облыста тұрғын үй құрылысы саласында тұрақты даму тенденциясы байқалады. Нақтыласақ, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 2013 жылы 270 мың шаршы метрді құраса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 543,7 мың шаршы метрге дейін өсіп, соңғы төрт жылда екі есеге артты.
Құрылыс процесінің негізгі көрсеткіштері сапа мен мерзім екені анық. Нысанның сапалы және уақытылы аяқталуы бірінші кезекте мердігердің ішкі бақылауына, сонан соң тапсырысшының авторлық және техникалық қадағалау қызметтерінің өз дәрежесінде атқарылуына тікелей байланысты.
– Биыл тек Қызылорда қаласы бойынша автобус паркі мен газ толтыру компрессорлық станциясының құрылысы халықтың игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінде екі балабақша, шыны зауыты, мемлекеттік мұрағат, Титов қыстағынан индустриялық аймаққа дейінгі темір жол тұйығы, 17 көпқабатты тұрғын үй және Белкөл кентін газдандыру, Қорқыт ата көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді М.Молдабаев.
Осыған орай, басқарма облыс аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына бақылау-қадағалау шараларын күшейтіп, орын алған кемшіліктердің дер кезінде жойылуын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.

Шынар БЕКБАН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 тамыз 2017 г. 820 0