ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІ – ЖАҢА ОРТАЛЫҚ

Бейсенбі күні тұрғындардың құқығы мен мүддесін қорғауға жағдай жасау мақсатында Құқық қорғау қызметтері орталығы құрылды. Жаңалығы мол жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, түйіткілдің түйінін шешіп, жанжалдың алдын алғысы келетіндер енді әуре-сарсаңға түспейтінін айтты.

– Бүгін құқық қорғау қызметкерлерінің орталығын салтанатты түрде аштық. Орталықты құрудағы мақсат – әрбір арызданып келген адамға уақытында құқықтық көмек ұсыну. Азаматтардың мәселелерін шешу үшін басқа да қызметтер қарастырылды. Осы мақсатта медиатор, адвокат, нотариус, пробациялық қызмет өкілдерін бір жерге жинадық. Аталған орталықтың халық үшін пайдалы боларына, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының беделін арттыратынына сенімдіміз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Бас прокурордың аға көмекшісі Сағатбек Сүлеймен облыс әкімдігінің басшылығына орталықтың ашылуына көмектескені үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде осыған ұқсас жүйе қалыптастыру жоспарланған. Орталықта жұмыс істейтін адвокаттар азаматтарға құқықтық көмекті тегін көрсетеді. Ал құқық қорғаушыларға жалақыны мемлекет төлейді. Бұл әлжуаз топтар үшін қолайлы болып отыр.


Мөлдір Қалымбет.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 тамыз 2017 г. 569 0