«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өзінің үстем жағдайын теріс пайдалану фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерсін Орынбаев хабарлады.
Оның айтуынша, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұтынушылардың көгілдір отын төлемінің коэффициенттерін негізсіз есептеген, тұтынушылармен жасалған келiсiмдерді бұзған. Осыған байланысты монополияға қарсы орган тексеру жүргізді. Сот талқылаулары 5 айға созылып, нәтижесінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ барлық қаражатты өтейтін болды.
– Мекемеге салынған әкімшілік айыппұл сомасы шамамен 13,4 млн теңгені құрады және ол бюджетке толықтай төленді. Ал екі миллионға жуық тұтынушыға қайтарылуы тиіс сома 268 млн теңге көлемінде, – дейді департамент басшысының орынбасары Ерсін Орынбаев
Алдағы уақытта заңсыз есептелген қаражат барлық тұтынушыға қайтарылатын болады. Айта кету керек, мұндай заңсыздық осыған дейін аймақта орын алмаған.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.