ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

Шиелі ауданының орталық Бұдабай атын­дағы аудандық мәдениет үйінде «Халықаралық жастар күніне» орай «Жастар театрының» ерікті әртістері қойылым көрсетті. Алғаш құрылған жастар театры тұсаукесерін драматург Қанат Жүсіповтің «Алғашқы махаббат» комедиялық қойылымымен ашып, көпші­ліктің ыстық ықыласына бөленді.

Театр сахнасына енді ғана аяқ басқан жастар труппасы алғашқы қойылымында көрермен жүрегіне жылылық сыйлады. Комедия жанры болғандықтан, мұнда ойнақы музыка да, күлкілі оқиғалар да жетер­лік екен. Бастысы, актерлікке үміткер жас өнерпаздар спектакльдің әр сәтін сенімді ойнау арқылы  көрерменге шаттық  сыйлады. Расында жастардың бұл талабы батыл қадам, жақсы ізденіс екендігі ақиқат.

«Алғашқы махаббатты» тамашалауға аудан орталығының тұрғын­дары, үлкен-кіші көп жиналды. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев бас­та­ған бөлім басшылары мен орталықтағы мекеме қызметкерлерінің қойы­­лымға ұйымдаса келуі де жастарға жігер беріп, сенімді ойнауына сеп болғандай.

Кеш соңында аудан басшысы сахнада өнер көр­сеткен жас актерларға ризашылығын білдіріп, табыс тіледі. Оларға гүл шоқтары сыйланып, аталған қойылымды ұйымдастырып, режисссерлік жасаған Меруерт Түсіпханқызына алғысын айтты.


Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 тамыз 2017 г. 411 0