Сырдария. Шіркейлі ауылының тұрғыны Нұрмұхаммед Әбілқасымов бала жасынан қол-аяғы қозғалмайтын сал ауруына шалдыққан. Дегенмен, ол өзінің өмірге деген құштарлығы, қайсар мінезі және өжеттігі арқасында көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Ол алдағы күндерде «Тасжарған» атты өлеңдер жинағын жарыққа шығаруды көздеп отыр.
Бұл – Нұрмұхаммедтің екінші кітабы. Осыдан үш жылдай бұрын ол «Тағдырымның жанары» атты жинақты оқырман қауымға тарту еткен еді. Ол өлеңдерді өзгелер секілді қолға қалам ұстап жазбайды. Оны аузындағы таяқшамен әуелі ұялы телефонға түсіреді. Отбасындағы адамдар сол жазғандарын қағазға жазып қояды. Осындай қайсарлығы арқасында ол 2011 жылы республикалық «Самғау» фестивалінде бас жүлде алды. Сол жылы облыс әкімінің степендианты болды. 2012 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде дипломант атанды.