
Облыстағы 260 ауылдық елді мекеннің 194-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Ол ауыл тұрғындарының 74 пайызын құрайды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдеді.
Сонымен қатар, өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыз су жүйелерін жаңғыртуға арналған 5 жобаның құрылысы басталды. Олар Сексеуіл, Әйтеке би, Жосалы және Тасбөгет кенттерінде. Нәтижесінде аталған елді мекендегі 280 мыңнан астам тұрғын ауыз сумен қамтылады.
«Осы жылы облыстық бюджеттен Белкөл кентін газдандыру үшін қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырының «Бұрма газ құрылысы» жобасына республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын электрмен қамтудың» 1-ші кезеңінің жобасына мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталды. Ал, 2018-2020 жылдары 12 жоба бойынша ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды», - деді Медет Усаин.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясында күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер мәселесі айтылды. 2017 жылдың 1 қаңтарына бюджеттен бөлінген 3,5 млрд теңгеге барлығы 160 үй жөндеуден өтті. Жалпы қалада 640 көпқабатты тұрғын үйді жөндеу керек.