
UEFA Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Астана» мен «Селтик» қарымта кездесу өткізді. Өз алаңында «Астана» 4:3 есебімен жеңіске жеткенімен, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыға алмады, деп хабарлайды Baq.kz.
Матч UEFA әнұранымен басталды. Алғашқы гол кездесудің 26-минутында тіркелді. Дмитрий Шомконың добын қайтармақ болған Селтик қорғаушысы Кристофер Айер өз қақпасына гол жіберіп, Астананы алға шығарды.
Ойынның 34-минутында «Селтик» ойыншысы Синклер гол соғып, есеп теңестірді. Осылайша, алғашқы тайм 1:1 есебімен тең аяқталды.
Екінші таймның алғашқы минуттарында «Астана» футболшылары белсенділік танытып, екі минуттың ішінде екі гол соқты. 48-минутта жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов есепті еселесе, 49-минутта шабуылшы Патрик Твумаси қақпаны дәл көздеді.
Матчтың 69-минутында Патрик Твумаси осы кездесудегі екінші голын соғып, есепті 4:1 жеткізді.
«Селтик» футболшысы Нтшам 80-минутта, ал Гриффитс 90-минутта гол салып, матч 4:3 есебімен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, Глазгода өткен алғашқы матчта астаналықтар 5:0 есебімен ойсырай жеңілген болатын. Екі ойын нәтижесі бойынша көп ұпай алған «Селтик» Чемпиондар Лигасының, ал «Астана» Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнайтын болады.