Қызылорда қаласында шахматтан ерлер арасында облыс біріншілігі өтті. Оған Қызылорда қаласы мен аудандардан келген 6 команданың құрамында 42 ойыншы бақ сынады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз-хатшысы Лаура Шоңғалованың хабарлауынша, ойын швейцар жүйесі бойынша 9 турда өткізілді. Осы жарыстан спортшыларымыз үстіміздегі жылдың 15-25 ақпан аралығында Көкшетау қаласында болатын ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша 8,5 ұпаймен қызылордалық Шадияр Ермағамбетов жеңімпаз атанды. 7,5 ұпаймен қызылордалық Әсел Серікбай екінші орынды иеленсе, дәл осындай ұпаймен Жаңақорған ауданынан Ерсерік Әділет қола жүлдені қанағат тұтты. Ұпай саны бірдей болғанымен Әсел коэффиценті бойынша алға шықты. Жарысқа қатысушылардың арасында ең жасы үлкен шахматшы, 75 жастағы жаңақорғандық Жасұзақ Аманбаев болды.