Боранда далада қалып қойғандар құтқарылды

Боранда далада қалып қойғандар құтқарылды Арал. Үстіміздегі жылдың 26-27 қаңтар күндері қалың жауған қардың және соққан боранның салдарынан жол қатынастарын қалың қар басып, 26 қаңтар күні Арал ауданы орталығынан 350 шақырым қашықтықтағы Беларан ауылдық округінің тұрғындары 1958 ж.т., Еспенбетов Жолшырақ, 1984 ж.т., Дәулетов Дәурен «УАЗ» автокөлігімен және 200 шақырым қашықтықтағы Атанши ауылдық округінің тағы екі азаматы «Уаз» автокөлігімен аудан орталығы бағытына қарай жолға шыққан. 
Олардың аудан орталығына жетпеуіне байланысты аудан әкімі М. Жайымбетов тікұшақ арқылы іздестіру қажеттілігін сұраған болатын. 
Осыған байланысты құрамында 4 экипажы бар ТЖМ «Казавиаспас» АҚ-ның «Еврокоптер» үлгісіндегі тікұшағы үстіміздегі жылдың 28 қаңтар күні Қызылордадан Аралға аттанды. Келесі күннің таңертеңгі уақытынан бастап іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Арал ауданы, Беларан ауылдық округі, Құланды елді мекенінен 40 шақырым жерде 2 «УАЗ» автокөлігі мен 1 «КамАЗ» автокөлігі жолда тұрып қалғаны анықталған. «УАЗ» автокөлігінен Беларан ауылдық округі тұрғындары: Ж. Еспенбетов пен Д. Дәулетов құтқарылып, Құланды елді мекеніне жеткізілді. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда олардың дансаулықтары бірқалыпты жағдайда. 12 сағат 40 минут шамасында тікұшақ Құланды елді мекенінен Атанши ауылдық округі, Жіңішкеқұм елді мекені бағытына қарай ұшып шығып, Жіңішкеқұм елді мекенінен Арал қаласына қарай бағыт алған «УАЗ» автокөлігі жолда тұрып қалғаны анықталды. Автокөлікте болған Жіңішкеқұм елді мекенінің тұрғындары: 1967 жылғы Ибадулла Маханов пен 1964 жылғы Изатулла Шүкіров құтқарылып, елді мекенге жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Тікұшақ Арал қаласына 15 сағат 40 минутта келіп қонып, іздестіру, құтқару жұмыстарын аяқтады. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты тікұшақ кері қарай Қызылорда қаласына үстіміздегі жылдың 30 қаңтар күні ұшатын болады.            

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2014 г. 979 0