Қызылорданың балығына шетелден сұраныс артты

Қызылорданың балығына шетелден сұраныс артты Қызылорда. Өткен жылы облыс аумағынан Кеден одағынан тыс жерлерге 411 тонна мұздатылған балық пен балық филесі секілді өнімдер экспортқа шығарылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов бүгін, 29 қаңтарда облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте осы деректерді келтірді.
Соңғы үш жылда балық аулау көлемі 30 пайызға өскен. Былтыр бекітілген балық аулау лимитінің көлемі 6226 тоннаны құрады. Бұл республика бойынша балықтың 9 пайызға жуығын құрайды. Жалпы, балық аулау мерзімі әрбір жылдың 15 ақпанына дейін созылады. Бүгінгі күнге дейін 5728 тонна балық ауланды. Бөлінген лимитті толық орындауға толық мүмкіндік бар. Облыс әкімінің тапсырмасымен балықтың өңделмей сыртқа шықпауына тосқауыл қойылған еді. Соның нәтижесінде балық шаруашылығын дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыру мақсатында оны үйлестіретін ұйым ретінде арнайы консорциум құрылды. Оған 19 шаруашылық, ғылыми-зерттеу институты және өзге де құрылымдар енгізілген. Облыс бойынша балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізі (328,8 гектар), Сырдария өзені (820 шақырым) және жергілікті маңызы бар 166 су айдыны (45,6 мың гектар) бар.  

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2014 г. 1 082 0