
Жуырда Жаңақорған кентінен агроиндустриалдық аймақ ашып, оны тәжірибе алаңына айналдыру қолға алынды. Тек нақты мақсат пен кәсіпті игеріп әкетем деген талап болса болғаны. Мүмкіндік бар. Істі жасай білу керек. Аудан әкімі Ғалым Әміреев бұл туралы кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдеріне арналған жаңа бастаманың тұсаукесерінде мәлімдеді.
Аудан әкімі баяндағандай, қазір кез-келген азамат өз ісін бастай алады. Индустриалдық аймақтан 50 гектар жер бөлінген, аяқ су мәселесі толық шешілген. Ешқандай салық алынбайды, азаматтар құжатпен сабылмайды. Жерді тегін пайдаланады. «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін». Бұл мақал тек кейбірімізге қамшы боп тисе игі.
– Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны күрт артқаны қуантады. Ауылдық округтерде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативке біріктіру негізінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әзірге Шалқия мен кенттің 12 азаматы 0,5-2 гектарға дейін жер алып, көкөніс, бау-бақша өнімдерін егумен айналысып жатыр. Әр гектардан шамамен 700 мың – 1 млн теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар. Көрші Оңтүстік Қазақстан өңірінен келіп, жұмыс жасауға ниеттілер көп. Ал біз мұндай бастамаға облыс халқын тартуды мақсат етудеміз. «Қыста мал бақ, жазда шөп шап» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Мұнда жаз мезгілінде бау-бақша өнімін егіп, қыста мал бордақылаумен айналысуға болады. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып, Жер-анадан берекелі өнім жинай білген, төрт түлігін түлетіп, ыдысы ақтан арылмаған жергілікті жамағаттың әрі қарай да ата кәсіпті өркендетуге қосар үлесі зор деп сенеміз, – деді Ғ.Әміреев.
Сондай-ақ, жиында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар шараның қолға алынғаны айтылды. Мәселен, ауданда «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 90 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ арқылы 75 азаматқа 161,6 млн теңге несие беру де жоспарланған. Оның ішінде үміткерлердің 70 пайызы мал шаруашылығынан ет, сүт өнімдерін өндіруге құлшыныс білдіріп отыр.
Ел экономикасының бүгінде екі басым бағыты қалыптасқаны баршаған аян. Ол – индустриялық және аграрлық салалар. Соның ішінде ауыл шаруашылығы қашанда экономиканы алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған және солай болып қалады да. Жер төсінде таң атысынан күн батқанша нәпақасын тауып, ерінбей еңбек етемін деушілерге де маңдай тер өз жемісін береді. Ал мемлекет ұсынған осындай жеңілдік – өссем, өнсем деген ағайынға берілген мол мүмкіндіктің бірегейі.
Мөлдір СНАДИН.