ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА АРНАЛҒАН ОҚУ-ЖАТТЫҒУ

Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің қатысуымен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК аумағында аварияның зардаптарын жою жөнінде Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Шараның мақсаты – жылу жүйесінде авария болған жағдайда халықтың, авариялық-құтқару қызметтерінің, басқару органдарының және төтенше жағдай комиссиясының әрекетін тексеру.
Оқу-жаттығу жиыны барысында төтенше жағдай қызметкерлері мекеме аумағында газ құбырының жарылуы мен өрт кезіндегі құтқару жұмыстарын пысықтады. Сондай-ақ, нысан ішінде қалған азаматтар жедел қауіпсіз жерге шығарылып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Дабыл қағылған сәттен дамыл таппай белгіленген аумақты қауіптен тазартты. Осылайша қырағы құтқарушылар ғимаратты аман алып қалу мен адам өміріне араша түсудің жедел үлгісін көрсетті.
Жаттығу жиынына «ҚЖЭО» МКК жылу жүйесіндегі авариялық-техникалық командасы, жедел медициналық көмек көрсету бригадасы, өртке қарсы қызмет пен ІІД қызметкерлері қатысты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев маусым алдындағы мұндай шаралар маңызды екенін айтады.
– Мұндай жиындар жылда облыс әкімінің белгілеген жоспары бойынша маңызды нысандарда өткізіліп тұрады. Тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да алдын алу шараларына дайындық жүргізіледі. Бір жылда өткізетін мұндай жиындар 200-ге жуықтайды. Осы арқылы дайындықты пысықтаймыз. Бүгін қызметкерлеріміз өз істерін атқаруда жеделділік танытып, техникалық жарақтарымыздың жарамды екенін көрсетті. Қауіпті сәтте адамдарды эвакуациялап, оқу-жаттығуды өз дәрежесінде өткізді, – дейді ол.
«Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесінің аумағында өткен шараға 25-ке жуық техника қатыстырылды. Сондай-ақ, 70-ке тарта қызметкер құтқару жұмыстарын жүргізді.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 тамыз 2017 г. 680 0