Ата-аналардың өз баласын тәрбиелеуге құқығы бар және осыған міндетті. Бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болады («Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 70-бабының 2-бөлігі).
Өкінішке орай, көп жағдайда қылмыстардың орын алуына кәмелетке толмағандардың ата-аналарының өзіне жүктелген міндеттерін тиісінше орындамауы және жауаптылықты сезінбеуі себеп болады, - деп хабарлайды Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Мысалы, жасы кәмелетке толмағандар адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен түңгі мезгілде бірнеше рет ұрлық қылмыстарын (ауыр қылмыстар да бар) жасаған, оның ішінде тіпті ауыр қылмыстар да бар.
Аудандық прокуратураның бастамасымен ата-аналардың жауаптылықтарын арттыру және сезіну үшін жекелеген қылмыстық істерді (Г.Дүйсенова және А.Байменовке қатысты) аудандық «Ордакент» мәдениет үйінде көшпелі сот отырысында қарады.
Атап айтсақ, кәмелетке толмаған Б.Б, М.С, Б.И, А.Ж. адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен азамат А.Ш-ның автокөлігінен 12 млн. теңгені ұрлаған. Өз кезегінде, жәбірленуші ұрлық жасаған кәмелетке толмағандардың бірінің жақын туысы.
Әрине бұл дерек аудан тұрғындары арасында қоғамдық пікір туғызды.
Жоғарыда көрсетілген қылмыстар бойынша сотталушы жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты қылмыстық кодекстің 140-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күні 6 ата-ана сот үкімімен кінәлі деп танылып, оларға 25 а.е.к. (56724 теңге) айыппұл салынды.
Бұл сот процесіне 200-ге жуық адам, оның ішінде ақсақалдар кеңесінің және білім беру ұйымдарындағы ата-аналар қауымдастықтарының төрағалары (төрайымдары), мектеп басшылары, профилактикалық есептегі жасөспірімдер мен олардың ата-аналары, жастар ресурстық орталығының және БАҚ-ның өкілдері қатысты.
Өткізілген шара әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылып, халық оңды бағасын берді.