Балалар тасымалына қойылатын талаптар

«Оқушылар үйі» ғимаратының мәжіліс залында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың, Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевтың, Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Мөлдір Тәуіпбаеваның, «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарының Қазақстан қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Н.Мишукованың және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, балабақша меңгерушілерінің қатысуымен кездесу жиыны өткізілді.
Жиын барысында балалар тасымалымен айналысатын автокөліктердің қатысумен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, бала травматизмін болдырмау мәселесі көтерілді. Мәселен, жыл басынан бері облыс көлемінде 194 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның 25,8 пайызы, яғни 50 дерегі балалардың қатысуымен болған. Аталған жол апаттары кезінде барлығы 44 бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Ал, жыл басынан бері балалар тасымалымен айналысатын балабақша автокөліктерінің қатысуымен 2 жол көлік оқиғасы орын алған. Бірі Тасбөгет кентінде орын алса,  екіншісі Желтоқсан-Толыбеков көшелерінің қиылысында болған.
Ішкі істер департаменті қызметкерлері балалар тасымалымен айналысатын көлік құралдарына қойылатын талапты күшейту қажеттігін, балабақша басшылығы көлік құралын жалға алу кезінде техникалық күйі мемлекеттік стандартқа сай болуын қадағалау қажеттігін баса көрсетті. Балалар тасымалымен айналысатын автокөліктің кемінде 2 есігі болуын және көліктің алдыңғы және артқы жағында «Балалар тасымалы» деген арнайы таңбасының орналасуы керектігі ескертілді. Бұдан бөлік көлік жүргізушісі ретінде жұмысқа алынатын азаматтардың жас шамасына (25-тен асқан), жұмыс өтілі (5 жылдан кем емес) мен тәжірибесіне қойылатын талапты күшейту мәселесі көтерілді.
Шара барысында аталған тақырыпта бейнероликтер көрсетіліп, балабақша басшылығына арналып жадынама парақшалары берілді.
Полиция қызметкерлері жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, балалар тасымалымен айналысатын автокөліктердің техникалық жай-күйінің нормативтік құжат талаптарына сәйкестігін зерделеу үшін ІІД Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерін қатыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Жиын балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін бірлескен түрде жұмыстар жасап, шаралар қабылдау қажет деген тұжырыммен қорытындыланды.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 тамыз 2017 г. 794 0