
«Мир-2001» серіктестігінің негізгі қызметі – престелген бетон құ¬рылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарын сату. Бүгінгі таңда компания қарқынды дамып, бизнесін әртараптандыруды жоспарлап отыр.
Бұл бастаманы да «Даму» қоры және «Қазақстан Халық Банкі» қолдады. Кәсіпорын банктен несие рәсімдеу кезінде кепіл жетіспеушілігінен туындаған мәселесін осы жолы да «Даму» қорының жартылай кепілдендіру бағдарламасы арқылы шешті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие бойынша 15,5 пайыздық мөлшерлемесінің 10 пайызы мемлекет тарапынан өтелудің нәтижесінде кәсіпорынның борыштық жүктемесі жеңілдетілді.
Несие қаражатына компания жаңа қызмет түрін, яғни монша-сауықтыру кешенін ашуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қолдау аясында Қармақшы ауданы, Ақай ауылында монша, массаж бөлмелері, шаштараз және көлік жуу орталығын қамтитын кешен ашылатын болады. Жоба аясында 12 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бүгінгі таңда «Мир-2001» серіктестігі – престелген бетон өнімдерін өндіру бойынша аймақтағы жетекші компаниялардың бірі. Жаяу жол плиткалары, жол тақталары, аулаға арналған плиталар, жиектас, брусчаткалар секілді сапалы өнімдер қазіргі күні компанияның цехында жоғары технологиялық қондырғыда шығарылуда. 2015 жылы «Даму» қоры несие рәсімдеу үшін қажетті кепілдеме беріп, соның нәтижесінде компанияның жаңа бағытта бизнесін кеңейтуге мүмкіндік ашылған болатын.
Кәсіпорын директоры Сейфулла Әжмолдаевтың айтуынша, өндірістің жоғары техникалық деңгейі, мамандардың кәсіби деңгейлігі мен мол тәжірибесі, сондай-ақ жергілікті инертті материалдарды пайдалану нәтижесінде кәсіпорын нарықта тұрақтылығын сақтай отырып, ірі көлемде жоғары сапалы өнімдер өндіруде.
Айта кету керек, «Мир-2001» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік қолдау алған еліміздің үздік 20 кәсіпорынның қатарына еніп, «Ұлы дала елі» отандық өнім өндірушілердің III форумында дипломмен марапатталды. «Даму» қорымен бірлесе әріптестік жұмыс жасау нәтижесінде мұндағы өнім көлемі 15 пайызға, ал бюджетке төленетін салық көлемі 10 пайызға артты.
Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.