ӨНЕРДІҢ ӨЗЕГІ – СЫРДА

 Неше күннен бері Астанада, «ЭКСПО - 2017»   көрмесі аясында өтіп жатқан  Қызылорда облысының өнері мен мәдениеті күндері тамашасына мен сағынышпен бардым. Туған жердің адам санасына ерекше әсер етіп, ет-жүректі елжіретер құдіреті бар ғой, сондай күй кештім. Жалғыз мен емес, елордада тұратын барлық жерлестеріміздің осындай сезімде болғаны ақиқат.
Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театры астаналықтарға Иран-Ғайыптың «Қорқыт» спектаклін тарту етті. Бұл сахналық қойылымға жалпы көрерменмен бірге танымал тұлғалар, жоғары лауазымды қызметкерлер көп келді. Себебі ел мен жердің киесі болған абыз Қорқыт бейнесі ханға да, қараға да ыстық. Қазақтың жан-дүниесіндегі қобыз сарынды құпияны ұғу үшін әр адам Қорқытпен тілдесу керек. Аңыз - дастанды поэзия тілімен өрнектеген дарынды ақын-драматург Иран-Ғайып осы тылсым сырды сөз құдіретімен жеткізген.
Спектакльге қатысқан облыс әкімі Қ.Көшербаев жетпіс жасқа толып отырған спектакль авторын мерейтойымен құттықтап, сәтті өнер көрсеткен театр ұжымына алғыс білдірді.
Шын мәнінде Сыр елі, бәлкім, зауыт, фабрика өнімдерін шығарудан кемшін қалған шығар, ал, өнер тудыруда Сырдан асқан аймақ жоқ. Бар өнердің өзегі Сырда жатыр. Соның бір дәлелі – ұлы абыз Қорқыт.
Сыр бойында бақсылық та, жырау-жыршылық та, қолөнердің үздік үлгілері де, малмен байланысты тұрмыстық қажеттіліктер де  көбесі сөгілмеген күйінде сақталып келе жатқанын біз жақсы білеміз.
Мен осы асыл мұраларды Астанаға әспеттеп әкеліп, тек елімізге ғана емес, әлемнің әр қиясынан келген ұлттарға да ұлықтап көрсеткен жерлестерім үшін   ризамын.

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2017 г. 575 0