Елдің дәмін сағынып қалыппыз

Астанада Қызылорданың жәрмеңкесі өтеді дегенді естіп, болатын жеріне алдын ала бардым. Өзім негізі қызылордалықпын. Мектеп бітірген 2000-шы жылдардан бері осындамын. Астана қаласындағы республикалық жедел жәрдем орталығында фельдшер болып жұмыс жасаймын.
Жәрмеңкені біраз араладым. Жерлестерді көргенде қастарынан кеткім  келмеді. Оның үстіне Сырдың қауыны мен қарбызы мен мұндалап көздің жауын алып тұр. Ұл-қыздарым да бақша өнімдерінің жанынан шықпайды. Ақыры, не керек, оншақты қауын-қарбыз алдық.
Астананың сыртындағы Қосшы ауылында тұратындықтан үйге дейін біраз әуреленуге тура келді. Дегенмен, қауынның бір тілімін жегенде бар шаршағанымды ұмытып кеттім. Тіпті, Қызылорданың бір тілім қауынын жеп, туған ауылымда отырғандай болдым. Шынын айтсам, Сырдың дәмін сағынып қалыппын. Елорда тұрғындары үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастарған қызылордалық ағайындарға рахмет.
Асылбек ТОҚТЫБАЕВ,
Астана қаласының тұрғыны.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2017 г. 424 0