
Елордада өтіп жатқан «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалаудың өзі бір бақыт. Әсіресе, ел болашағы балаларды апарып, таныстыру – біздің басты мақсатымыз. Қармақшы аудандық білім бөлімінің қолдауымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысушы, оқуда озат 80 оқушы көрмені көріп келді. Оқушылардың саяхатына жауапты мамандар да бекітілді. Топ құрамында аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова, №106 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнұр Молдабаева, №107 мек¬тептің медбикесі Айсұлу Дәрібаева және мен болдым.
Поездан түсіп, Астанаға жеткен бойда бізді көрменің еріктілері күтіп алды. Қонақ үйге орналастырып, арнайы бағдарламамен таныстырды. Алғашқы күні балаларды еліміздің бас қаласымен таныстырдық. Әсем қаланы аралап, «Астана-Бәйтерек» кешеніне, «Бейбітшілік және келісім -сарайына», «Әзірет Сұлтан» мешітіне бардық. Ерік¬тілер ғимараттардың салыну тарихы, осы жылдар ішінде келген қонақтар және еліміздің мәдени-рухани және ғылыми жетістіктері туралы әңгімелеп берді.
Келесі күні «Астана ЕХРО-2017» қалашығына келдік. Қалашықта әлемдегі 100-ден астам елдің мәдениеті мен ғылыми дамуы жайлы сыр шертетін павильондар ашылған. Әрбір елдің павильонын аралап оқушылар ерекше әсер алды.
Орынбасар Қасымтай, №121 орта мектептің 8-сынып оқушысы:
– Астана – әсем қала. Зәулім ғимараттар, кең көше, әсем жарықшамдар мен ғажайып гүлзарлар ерекше сән беріп тұр. Біз қаланың көркіне көзіміз тоймай кешке дейін араладық. Естелікке суретке түстік. Әлем назарын аударған көрменің осы қалада өтуі тектен-тек емес екен. Біздің еліміздің болашағы жасыл экономикамен тығыз байланысты. Сондықтан болар, көрме «Болашақтың энергиясы» деген ұранмен өтуде. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдер өз жетістіктерін көрсетуде. Физиканы қиын сабақ деп жүрміз. Барлық ғылымның бастауы нақ осы ғылым екен. Ұстаздарымызбен бірге павильондағы түрлі ғылыми жобаларды да қызықтадық. Бұл сапар менің білімге деген құлшынысымды арттырып, «өз елім» деген мақтанышымды еселеді.
Шар тәріздес «Нұр Әлем» атты еліміздің павильоны маған ерекше әсер қалдырды. Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихынан бастап, бүгіні, болашағы туралы 8 қабатты осы шардан білуге болады. Ғарыш саласындағы жетістіктеріміз, техникалық прогрестегі жаңалықтар баяндалған. Күннен, судан, желден қуат алу, жаңа энергия көздерін іздестіру, кибернетика саласы, жел энергиясының мүмкіндіктері, экологиялық биотехнология жетістіктері және басқа да әлем назарындағы экономикалық даму мүмкіндіктерін толықтай білуге болады. Халықаралық көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырған. Мамандар мен еріктілер тынымсыз туристермен қонақтарға қызмет көрсетуде. Қазақ елінің экономикалық және саяси дамуының әлемдік деңгейдегі жетістігін көрсетеді бұл көрме. Бүгінде екі миллионнан астам адам тамашалап үлгерген көрме өз жемісін береді деп сенеміз. Тәуелсіздік алғанына небәрі 25 жыл болған жас мемлекет үшін осындай ауқымды шараны өткізу елге мерей.
Айбол ҚОЗЫБАҚОВ,
№121 орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.