
Осы аптада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен облысқа келді. Сапардың басты мақсаты – Елбасы тапсырмаларының, соның ішінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған басымдықтардың өңірде жүзеге асу барысымен танысу. Соған орай мәртебелі мейман мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы мәдени-тарихи нысандарды аралап, жергілікті шаруалармен жолықты.
Елбасы жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің геграфиясы» атты жоба дайындауды ұсынғаны белгілі. Осы бастаманы жүзеге асыруда облыстың алар орны ерекше. Өйткені өңір рухани құндылықтар мен тарихи жәдігерлерге бай. Солардың бірегейі «Қорқыт ата» мемориалды кешені «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы туристік нысандардың тізіміне енгізілген. Түркі жұртының ортақ абызына арналған нысан 2014 жылы қайта жаңғыртудан өткізіліп, қалпына келтірілген еді. Қазір мұнда зиярат орталығы, қонақ үй, мейрамхана, намаз оқитын бөлме, асхана және автотұрақ салынды. Соның арқасында «Қорқыт ата» кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, әлемнің әр түкпірінен келетін саяхатшылардың рухани орталығына айналды.
Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мемориалды кешен, музей және осы маңда орналасқан этноауыл жұмысына ерекше назар аударып, мұндай тарихи орындардың отаншылдық пен ұлттық бірегейлікті сақтап, нығайтуда маңызға ие екенін атап өтті.
– Тәуелсіз еліміз ширек ғасырда дамудың даңғыл жолына түсіп, Қазақстан әлем таныған абыройлы мемлекетке айналғанда Елбасы рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Оның мақсаты – жас ұрпақты бабалар тарихынан тағылым алып, елін, жерін сүйетін отаншыл рухта тәрбиелеу. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы ұлт руханиятын түлетуге арналған Елбасы тапсырмасының еліміздің барлық өңірінде ойдағыдай жүзеге асуын ерекше назарда ұстайды, – деді Мұхтар Абрарұлы.
Сонымен бірге, ол республикалық маңызға ие тағы бір тарихи жәдігер ортағасырлық Сығанақ қаласына арнайы ат басын бұрды. Х ғасырдың өзінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл қаланың ірі экономикалық, саяси және рухани орталық болғаны белгілі. Сондай-ақ, Сығанақтың Ақ Орданың астанасы және Қазақ хандығындағы ірі шаһарлардың бірі болғаны мәлім. Жоңғарлардың толассыз шапқыншылығы Сығанақтың күйреуіне әкеліп соқтырды. Қаланы тыңғылықты зерттеу жұмыстары тек 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ғана қолға алынды. Археолог-ғалымдар бір кездегі ірі шаһардың қираған үйіндісін асқан ыждағаттылықпен зерттеп, қаланы қоршап тұрған қорған қабырғаны, үйлерді және мешіт-медресені қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Жобаның басты мақсаты – ортағасырлық Сығанақ қаласының орнын ашық аспан астындағы музейге айналдырып, еліміз бен өңірдегі тарихи әрі рухани жерлердің қатарын көбейту.
Мәртебелі мейман сапар барысында Кіші Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты. Мемлекет басшысының бастамасымен аймақта «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» атты «ғасыр жобасының» бірінші кезеңі сәтті жүзеге асырылды. Сол арқылы әлем бойынша ең ірі құрлықтық су қоймаларының бірін қайта жандандыруға мүмкіндік туып отыр. Ауқымды жоба аясында қазірдің өзінде «Ақлақ су» торабы, «Көкарал» бөгеті, «Әйтек» кешені және қорғаныс дамбасы салынды. «Қазалы» және «Қызылорда» су тораптары мен «Шардара» және «Арнасай» бөгеттерінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жобаның жалпы құны 86 млн АҚШ долларын құрайды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығының даму барысына да назар аударып, бұл сала бойынша өңірде Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізді. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы саласының жалпы көлемі 80 млрд теңгеге жеткен. Мемлекеттің қолдауы арқасында биыл Сыр елінде егістік аумағы 10 мың гектарға артқан. Мәселен, облыстың басты дақылы күріш егістігі бүгінде 90 мың гектарды құрайды. Бұл облыстың соңғы 20 жылдағы ең үздік көрсеткіші.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыс орта¬лығында орналасқан «Жан-Арай» агроиндустриалды ке¬ше¬ніне барып, оның жұмысымен танысты. Аталған кәсіп¬орында тәулігіне 150 тонна күріш өндіріледі. Сондай-ақ, мұнда күріш ұнын өңдеу арқылы макарон өнімдері және түйіршіктелген жем-шөп (тәулігіне 80 тонна) дайындалады. Өндіріс орны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тәжірибесі негізінде құрылған. Бұл жерде дайындалатын жем-шөп өнімдері облыс қажеттілігінің 60 пайызын қамтамасыз етеді. Кешен жұмысымен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің оң бағасын берді.
Қызылорда облысында ауыл¬шаруашылық өнімдерін өндіру ісінде көпке үлгі болып отырған тағы бір ірі кәсіпорын – «РЗА» акционерлік қоғамы. Бұл шаруашылықтың не¬гізі Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында қалан¬ғанын атап өткен жөн. Белгілі кәсіпкер Самұрат Имандосов басқаратын шаруашылықта сүтті, асыл тұқымды голштино-фриз сиырлары өсіріледі. Бастапқыда кәсіпкер Венгриядан аталған мал тұқымының 650 басын алып келген екен. Бүгінде шаруашылықта 1600 бас асыл тұқымды сиыр малы бар. Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдаудың игілігін көріп отырған кәсіпорында қазіргі заманғы сүт өндеу және сүт-тауар өнімдерін дайындау зауыты жұмыс істейді. Одан бөлек, бұл кәсіпорын 1 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын бидай және жем-шөп дақылдарын өсірумен де айналысады. Шаруашылықтағы барлық технология толығымен Еуропадан, соның ішінде Германия, Ирландия және Голландиядан әкелінген.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қызылқұм» ЖШС ұжымымен кездесіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің басты тақырыбы – болашақтың энергиясы туралы сөз өрбітті. «Қызылқұм» ЖШС «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымы. Ол жерде жылына 3 мың тоннаға дейін уран өндіріледі. Бұл – Қазақстандағы осындай өндірістік қуатқа ие алғашқы уран кен орны. Мұнда уран жерасты ұңғымалы сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіріледі. Дәл осы әдіс МАГАТЭ тарапынан дүниежүзіндегі экологиялық ең таза әрі қауіпсіз өндіріс ретінде жоғары бағаланды. Кен өндіру жұмыстарынан кейін бұл жер қолданыс аясында ешқандай шектеусіз мемлекетке қайтарылады. Аталған игі бастамаға салынған инвестиция көлемі жарты миллиард АҚШ долларын құрайды.
Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» пар¬тиясының облыстағы активімен де кездесті. Онда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуында нұротандықтардың ролі кеңінен сөз болды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары қызылордалық әріптестеріне алдағы міндеттерді нақтылап, басым-бағыттарды айқындап берді. Соның ішінде мәдени туризмді дамыту мақсатында оны халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын ұдайы бақылауда ұстау, ҰБТ-ға қатыспаған немесе сынақтан сүрінген мектеп түлектерінің әлеуметтік бейімделуіне, яғни өмірден өз орындарын табуына қатысты жұмыстарды жалғастыру сияқты басым бағыттар айтылды.
Сонымен қатар, Мұхтар Абрарұлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған Қызылорда қаласындағы Мемлекеттік рәміздер аллеясын да тамашалады.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.