
Баланың арман-мақсатын орындаудың өзі ата-ана мен қоғам үшін ең үлкен сауап. Бұл – болашаққа қызмет етудің бір үлгісі. Шыны керек, жаз шықса, каникул күндерін сәтті және қызықты өткізгенді барлық бала қалайды. Мұндай мүмкіндікті жасауға қазір жағдай жеткілікті. Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы мол мүмкіндіктің бірі. Басқа аудан лагерьлерінен артықшылығы өте көп. Мұнда білім берудің түрлі әдістемесі қалыптасқан, сананы тынықтырудың да, бой сергітудің де сан-салалы көзі бар. Оның үстіне Қаратау етегінде орналасқан орталықтың саф -ауасы, тұнық бұлақтың балдай суы, тарихи орындардың жақын орналасуы бала қиялын қияға жетелейді. Бәлкім, осындай игіліктің арқасы болар, 1 және 6 ауысым аралығында орталықта 1476 бала тынықты. Бұл дегеніңіз, әрбір ауданнан келген оқушылар үшін таптырмас табиғи тынығу орны.
Орталық директоры Үмбетәлі Әбибуллаевтың ұтымды ұйымдастырушы¬лығы бала жанына қажетті барлық жағдайды жасатты. Бассейнде шомылу, түрлі мәдени-спорттық шаралардан басқа көптеген үйірме жұмыстары да келушілерге тыңғылықты қызмет етті. Айталық, ән-әуез, би, бейнелеу, қолөнер, шеберхана, жас кітапханашылар үйірмелері баланы жақсы істерге, жақсылыққа баулуға бағытталған. Бұл жерде әдіскер Гүлжан Саттарованы, тәрбиешілер Ақмарал Ормаханова, Бекмұхамед Жасыбаев, Абзал Байымбетовты ерекше атаған жөн. Олардың кәсіби шеберлігі бала бағбаны болғанын айғақтайды.
Әрине, балаға не керек? Ойын, демалыс, түрлі танымдық шаралар, ең бастысы дәрумені мол ас қажет. Мұндай қажеттілік толық шешілген. Асхана күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етті. Өз ісінің маманы, қолынан бал тамған шеберлер Әсем Жүсіпова мен Ақерке Дүйсенбекова дәмді ас ұсына білді.
Иә, қазір соңғы ауысымның балалары тынығуда. Біздің жанымыз біте қайнасқан соң олармен қоштасқымыз келмейді, қимай¬мыз. Және осындай орталық болғанына мақтанамыз. Облыс үшін бұл үлкен мерей. Жақсы істі жандандыра білген басшымыз Ү.Әбибуллаевтың да ерен еңбегі ескерілсе дейміз. Қысқа қайырғанда, Қаратау етегі бала күлкісіне толы болды.
Бибізәуре ҚАЙКЕНОВА,
кітапханашы.