
«EXPO 2017 Football Cup» турнирі екі матчтан кейін салтанатты түрде ашылды. Халықаралық шараның ашылу салтанатынан кейін турнирдің үшінші матчында Қазақстан құрамасы мен Әлем құрамасы кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлем құрамасының қатары әлсіз ойыншылардан құралмаған. Жан Пьер Папен, Христо Стоичков, Гаиска Мендьета, Эрнан Креспо секілді футболшылар әлем құрамасының шашбауын көтеріп келді. Атағынан ат үркетін жұлдыздардан қазақстандықтардың мысы басылып қалған жоқ. Андрей Богомолов бірінші болып 3 минуттың соңында бір гол салып жіберді.
Эрнан Креспо 5 минутта есепті теңестіріп үлгерді. Тартысты ойынның 7 минутында Қазақстаннан Андрей Финонченко Әлем құрамасынан Азамат Әбдірайымов қос қақпаға өзара гол алмасты. Креспоның бір-екі тамаша шабуылын қақпашымыз қайтарғанын ерекше айта кету керек. Бірақ, сонда да Әлем құрамасы Яри Литманен 15 минутта қазақстандықтардың қақпасының саңылауын тауып, есепті 3:2-ге жеткізді. Бірінші тайм да осы есеппен аяқталды.
Екінші таймның 25 минутындағы қарымта шабуылда Жан Пьер Папен әдемі голдың авторы атанды. Есепті 5-2-ге жеткізген Креспоның голы да қазақстандық қақпашыға мүмкіндік қалдырмады. Христо Стойчковтың голы үмітті үзе бастаған. Алайда отандастарымыздың бір минуттың ішінде салған екі голы үміт отын лаулата түскен. Өкінішке орай, бразилиялық Алдаирдың добы матчты қорытындылады. Жалпы есеп - 4:7.
Еске сала кетсек, «EXPO 2017 Football Cup» турнирінің бірінші матчы Қазақстан мен Германия құрамаларының арасында, екінші матчы Италия мен Ресей құрамалары арасында өткен болатын. Біздің отандастарымыз германиялықтарды 8:6 есебімен тізе бүктірсе, Италия ресейліктерге 9:3 есебімен есе жіберген.