Қазақстанда құрылысқа рұқсат алу жеңілдетілді

Қазақстандық құрылысшыларға сәулеттік жобалау және салынатын нысан нобайын мақұлдау рәсімдері жеңілдетілді. Құрылыс бастау үшін рұқсат алудың 3 сатылы қағидаты енгізілді, деп хабарлады "24 кз".
Осыған орай Қызылордада құрылыс қарқын ала түскені байқалады. Құжаттамалық оңтайландыру Ұлт Жоспарындағы 46-ыншы және 49-ыншы қадамдарда көрсетілген тапсырмаларға сай жүргізіліп келеді.
30 жыл құрылыс саласында тер төгіп келе жатқан Нұрлан Махамбедиев тас қалаушыдан бастап, ірі компанияның жетекші маманы қызметіне дейін өсті. Инженер-құрылысшы: «Рұқсат құжаттарын рәсімдеу үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырып, технико-экономикалық шешімді айлап күтетін едік», – дейді. Бітпейтін қағазбастылықтан енді арылғандаймыз деп ағынан жарылды.
Нұрлан Махамбедиев, инженер-құрылысшы:
– Өзара «жүгірмелі құжат» деп атап кеткен рұқсатнама қағаздарын тәжірибемде он екі ай күткен кезеңдер де болды. Бір қағаздың соңында жүргеніңде сметалық жобаға енгізген бағаң шарықтап кетеді. Кабинеттен кабинетке шапқылап, құжатқа қол қойдырып жүріп, құрылыс салуға қолың бармай қалатын еді.
Жаңа жүйе бойынша құрылыс қарқыны мен сапасын тежеген рәсімдерді оңтайландыруға қол жеткізілді.
Марсбек Молдабаев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:
– Кез келген кәсіпкер құрылысты бастар алдында арнайы хабарлама береді. Тиісті құжаттары толық болған жағдайда бірден құрылыс-монтаж жұмыстарына алынған талоны электронды түрде берілетін болады. Құрылысты бастай беруге болады. Осы кезге дейін бірыңғай мемлекеттік сараптама болса, қазір арнайы лицензиясы бар жеке сараптамадан өтуге болады.
Қайырбек Тайшыбаев, құрылысшы:
– Елбасымыздың жаңа саясаты арқасы. Енді мынау жұмысты тез жүргізу мәселесін қозғағаннан бері қазір бір терезе арқылы мәселелер оңай шешімін тауып жатыр. Бұл әрине өз кезегінде құрылысты уақытылы салу, ақшасы уақытылы бөлінуге және сапалы салынуына өз әсерін тигізеді.
Жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңнен бері келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелері әлі де қолданыста. Енді көне қағидалардың орнына еурокодтар жүйесі енгізілу үстінде. Жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технологияларды қолдана отырып, инженерлік жүйелерді жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласының әкімі:
– Мысалы, көп облыстарда мұндай қарқынды құрылыс осы 15-16 жылдары жүрген жоқ. Жері дайын болғанымен олардың инженерлік жүйесі дайын емес. Шұғылада бұрын гараждар болды 4 га жер, арасы сасып жатты. Оның бәрін тазалап, орнында қазір 12 үй тұр, қандай жақсы халыққа. Қасында инженерлік жүйе тиіп тұр, оған 190 млн тг кетті. Біз тиімді пайдаланып салдық. Мүмкіндік болғаннан кейін 17 үй салдық.
Экономиканы өрге сүйреуші құрылыс саласын жаңғыртуға арналған өзгерістер арқасында отандық компаниялар шетелдік қызмет нарығына шығуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ керісінше сыртқы қаржы көздерінен инвестиция құйылуына да оң жағдай туғызып отыр. Мәселен, сырдың сол жағалауын игеруге инвесторлардың қаражаты тартылған.
Тұрсын Бәйменов, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
– Сырдария өзені солтүстік жағалауы бойындағы құрылысқа жеке инвесторлар есебінде 18 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде және 320 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде.
Ұлт жоспарында көрсетілген нақты міндеттер шеңберінде облыс бойынша құрылыс көлемі еселеп өсіп, соңғы жылдары Қызылорда қаласында 10-нан астам шағын аудандар пайда болды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 тамыз 2017 г. 480 0