
Жаз басталысымен биік қабаттан құлау оқиғасы жиілей түсуде. Екінші, үшінші және одан да жоғары қабаттан құлау фактісі көбіне терезедегі москиттік торды орнатумен байланысты.
Тұрғындарға арнайы мекемелерге терезеге тапсырыс беру кезінде москитті торды балалардың бойы жетпейтін жеріне орнатуға немесе басқа да қалқандар арқылы сақтық шараларын қатаң қадағаласа деген өтінішіміз бар. Жазда асыр салып ойнағанның орнына бүлдіршіндер аурухана қақпасында қамалуға мәжбүр. Жаз басталса дәрігерлер қол-аяғы сынған кішкентай пациенттерден қолы босамайды. Ал жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилердің статистикасы мүлдем қорқынышты. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мертігеді. Ал көп жағдайда медицина әлсіз болады. Тіпті мүгедек болып қалуы мүмкін. Биіктен құлау жағдайлары жол-көлік оқиғалары секілді адамның жиі мерт болуына әкеліп соғады. Жоғары қабаттан балалардың абайсызда құлау оқиғалары бойынша тіркелген мәліметтерге сүйенсек, олардың жасы әлі беске де толмаған. Еңбекке жарамды азаматтар арасында мұндай жағдайларға көбіне құрылыс мамандары ұшырайды. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін құлаудың салдары өте ауыр болады. Мәліметтерге сүйенсек, балалардың москит торынан құлауына ерекше назар аудару керек. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болуларын ескертеміз.
2017 жылғы 6-21 шілде аралығында республика бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен адам құлау фактісі бойынша 14 оқиға тіркелген, оның ішінде 3 адам қаза тапқан және 12 адам ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккендердің негізгі бөлігін 2 мен 7 жас аралығындағы балалар құрайды.
Мәселен, 2017 жылдың 6 маусымында Теміртау қаласында 4-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен абайсызда екі бала құлап түскен және ауыр халде ауруханаға жатқызылды (2010 және 2015 жылы туылғандар).
9 шілдеде Астана қ. «Нұрсая-1» ТК мекенжайы бойынша тұғын үйдің 10-қабаттағы пәтердің терезесінен 2015 жылы туылған бүлдіршін абайсызда құлап, сол жерде қаза болған.
19 шілдеде Өскемен қаласында 5 қабаттан ата-ананың қарауынсыз қалған 2015 жылы туылған бүлдіршін абайсызда терезеден құлап, оқиға орнында қаза болған.
Ағымдағы жылғы 2-тоқсанның өзінде терезеден құлау фактісі бойынша (Жамбыл мен Қарағанды облыстарында 7 фактіден; Астана қ.– 6; Алматы қ., Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары 2 фактіден; Атырау облысы – 1) адам құлаған (барлығы балалар) 31 оқиға болғанын атап өткен жөн, соның салдарынан 7 бала қайтыс болып, 24 бала әртүрлі жарақатпен емдеу мекемелеріне жатқызылған.
Статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан орын алады. Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай,
мазасыз күйде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал.
Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау капитаны Т.А.Еркебаев