Полицейлер мал ұрлаған барымташыларды құрықтады

 Қызылордада оңай жолмен пайда табу мақсатында мал ұрлығын кәсіп еткен 25 жас шамасындағы 2 азамат ұсталды. Оқиға сәуір айының 27-і күні орын алған. Қала тұрғыны өзінің танысымен кездесіп, оңай жолмен пайда табу мақсатында меншікке қарсы ұрлық қылмысын жасау жайлы алдын ала сөз байласып, жоспар құрады.
Екеуі ұрлық қылмысын жүзеге асыру мақсатында түскі уақытта кездесіп, Сырдария жағалауы бойында қараусыз жайылып жүрген сиырларды көріп, айналасында бөгде адамдардың жоқтығына толықтай көз жеткізіп, бесеуін айдап алып кетеді. Нәтижесінде қала тұрғынына 400 мыңға жуық  мүліктік шығын келтіреді.
Бұл әрекеттерімен тоқтамай, 8 шілде күні сол аумақтан тағы да 5 ірі қара малын құқыққа қарсы иемденіп кетеді.
Алайда полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыстары әшкере болып, ұсталып, ішкі істер басқармасына жеткізілді.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау бағытында шаралар қабылдануда.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 тамыз 2017 г. 567 0