
Арал ауданындағы Ақбай ауылы егін шаруашылығымен кеңінен танылған жер. Бақша өнімдерін алуда ілгерілеушілігі бар бұл ауыл жылдан-жылға мол өнім алып, шаруалар да көңілге қонымды нәтижелермен көзге түсіп келеді. Сонымен қатар биыл «Ақбай» шаруа қожалығы 500 гектар жерге күнбағыс отырғызып, ауыл – шаруашылығын әртараптандыруды қолға алған болатын. Көп күтімді қажет етпейтін осындай майлы дақылды алғаш отырғызған кезде көңілде біраз күдік болғаны анық. Десе де, тынымсыз еңбек пен егістік алқабына төгілген маңдай тердің нәтижесінде қожалық иелері қуанып отыр.
Елбасының кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жасалған түрлі бағдарламаларынан бастау алған осындай үлкен қадамы қазіргі таңда аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге дайын. Қыркүйек айының ортасынан бастап ораққа түсетін күнбағыс өсімдігінен алғашқы жылдың өзінде-ақ гектарынан 15 центнер өнім алынады деп күтілуде. Сонымен қатар, қожалық басшылары келер жылы егістік аумағын 2 000 гектарға дейін ұлғайтып, басқа да майлы дақылдардың қатарын көбейтуді көздеп отыр. Өзінен өнім, сабағынан малдық азық алынатын өнімі мол күнбағысты қолға алған қожалық иелерінің кәсібіне береке тілейміз.