Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз кәсібін ашқысы келеді

Қызылордадағы оңалту орталығында емделіп жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар уақыттарын бос өткізбей, кәсіппен айналысудың қыр-сырын меңгергісі келеді. Аталмыш азаматтардың өтінішін ескере келе Кәсіпкерлер палатасы орталықта «Бизнес-кеңесші» оқыту курсын өткізді, деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
«Екі күндік қысқа мерзімді курста кәсіпкерлік ұғымы жөнінде түсінік беріліп, бизнесті қалай бастауға болатындығы, бизнес-жоспар жасау ерекшеліктері туралы мәліметтер берілді. Қатысушылар курста өте белсенді болды. Сауалдардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламаларға қатысты. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының екінші бағыты: инновациялық гранттарды алу жолдарына ерекше қызығушылық танытты», - дейді Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан.
Шара барысында курсқа қатысушыларға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту – 2017-2021» бағдарламасы бойынша несие алушы үміткерлерге,  кепілге қойылатын мүліктерге қойылатын талаптар таныстырылды. Курсқа қатысқан 25 азаматқа сертификаттар табыс етілді.
Айта кету керек, жыл басынан бері «Бизнес-кеңесші» оқыту курсы бойынша 1259 азамат кәсіпкерлік саласына қатысты біліктілігін жетілдірді.



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 тамыз 2017 г. 464 0