Облыс әкімінің төрағалық етуімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысы хаттамасының 4.1 тармағына сәйкес қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру мақсатында бірнеше деректерді хабарлайды.
Азамат Н.Кәрібаев «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Қазалы аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның бас дәрігері болып қызмет атқарып жүріп, өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, айтарлықтай мөлшерде пара алғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге, кассалық кітапқа жаздырмай, 2015-2016 ж.ж. аралығында 3 175 000 теңге алып, бас пайдасына жаратып, «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Қазалы аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ға 3 175 000 теңге мүліктік залал келтірген.
Осыған орай сот ҚРҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен Н. Кәрібаевты кінәлі деп танып, оған жеке мүлкін тәркілеп, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адам болып қызмет атқару құқығынан және мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 30 000 000 (отыз миллион) теңге айыппұл салынып, ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігіне сәйкес 5 (бес) жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
* * *
Дәл осындай жағдай, «Облыстық медицина орталығы» ШЖҚ МКК-ның (Бұдан әрі - ОМО) бас есепшісі бюджеттен бөлінген қаржыларды келісім-шартсыз және тиісті құжаттарсыз кәсіпкерлердің есеп-шоттарына аудару дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
04.11.2016 жылғы Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің №175 аудиторлық есебіне және 09.01.2017 жылғы №1945 сот-бухгалтерлік сараптама қорытындысына сәйкес, ОМО-ның бас есепшісі О.Оңғарова ешқандай тиісті құжаттарсыз, яғни келісім-шартсыз ОМО-ның «ФортеБанк» АҚ-ның Қызылорда филиалындағы шоты арқылы жеке кәсіпкерлерге бюджет қаржысын аударып берген, яғни 2011-2016 ж.ж. аралығында барлығы 153 089 200 теңге бюджет қаржысын ешқандай тиісті құжаттарсыз, яғни келісім-шартсыз аталған жеке кәсіпкерлердің шоттарына аударып бергені анықталды. Бұл дерек бойынша О.Оңғарова Қызылорда қалалық №2 сотымен ҚР ҚК-нің 176-бабының 4 бөлігі «б» тармақшасына сәйкес, кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 5 (бес) жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жалпы режимдегі түзеу коллониясында жазасын өтеу туралы үкім шығарылды.